Ресейден келген азық-түлік өнімдерінен антибиотиктер анықталды

1278

Олардың қатарында "ФинИнвест", "Птицефабрика Среднеуральская", "Уральская мясная компания", "Агрофирма Боровская", "Здоровая Ферма Деликатесы" өнімдері бар.

Ресейден келген азық-түлік өнімдерінен антибиотиктер анықталды

Ресей Федерациясынан келетін ет, құс, сүт өнімдерінің сынамасынан тетрациклин, левомецитин, бацитрацин анықталды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.

Талаптарға сай келмейтін өнімдерді әкелу мен сатуды шектеу туралы уақытша санитарлық шаралар енгізілген.

"Генетикалық түрлендірілген объектілерге мониторинг жүргізу кезінде Нұр-Сұлтан қаласының дүкендерінде Оңтүстік Кореяда өндірілген өнімдердің 4 түрінде генетикалық түрлендірілген соя мен жүгерінің 2%-дан 100%-ға дейін жоғары болуы анықталды. Ал генетикалық түрлендірілген объектілердің рұқсат етілген құрамы 0,9% болуға тиіс", – деді Жандарбек Бекшин.

Мәлімдеуінше, бұл – "Кляр" кепкен нан ұнтағы және жылдам дайындалатын кеспенің 3 түрі. Ал саудадан көрсетілген өнімдерді алу бойынша тиісті іс-шаралар жасалып, ҚР-дағы импорттаушыны қарсы тексеру жүргізілуде.

"Антибиотиктердің қалдық мөлшерін анықтау бойынша құрамын бақылау мақсатында ет консервілерінің, құс шаруашылығы өнімінің, сүт өнімінің 800 сынамасы зерттелді, олардың ішінде 6 өнім сынамасында тетрациклин, левомицетин, бацитрацин анықталды. Бұл Ресей Федерациясының келесі өндірушілерінің өнімдері: "ФинИнвест", "Птицефабрика Среднеуральская", "Уральская мясная компания", Агрофирма "Боровская", "Здоровая Ферма Деликатесы", – деп мәлімдеді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.

Тексеріс нәтижесінде анықталған түрлі бұзушылықтарды жою мақсатында 584 нұсқама берілді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 233 іс қозғалды, 42 сот қаулысы шығарылды, сауда кәсіпорындарында 4 тоннадан астам өнім сатылымнан алып тасталды, жалпы сомасы 14,38 млн теңгеге айыппұл салынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу