Ресейден вакцина сатып алу туралы келіссөз жүріп жатқан жоқ – ДСМ

1151

Әлемдік зертханалар екпені әзірлеудің үшінші сатысына жеткен.

Ресейден вакцина сатып алу туралы келіссөз жүріп жатқан жоқ – ДСМ

Қазақстан қазіргі кезде COVID-19 індетіне қарсы ресейлік вакцинаны сатып алу туралы келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлім етті.

"Мен Ресейдің әзірлеген вакцинасы жайлы ештеңе айта алмаймын. Дегенмен, әлемде коронавируске қарсы вакцина ретінде әзірленген дәрі-дәрмектің жоқ екеніне еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылары сенімді деп айта аламын. Білуімше, әлемдегі ең үздік зертханалар қазіргі кезде өнімді әзірлеудің үшінші сатысына жетті. Ал алда әлі ешкім өтпеген төртінші кезең бар. Егер Қазақстан екпені елден тыс жерлерден сатып алатын болса, тек халықаралық сертификаттаудан өткен вакциналарды ғана алады", – деді Бағдат Қожахметов.

"Интерфакс-Қазақстан" агенттігінің хабарлауынша, Н.Ф. Гамалея атындағы Ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми орталығы мен "Ресейдің тікелей инвестициялар" қоры бірлесе әзірлеген коронавирус індетінің алдын-алуға арналған әлемдегі алғашқы вакцинаны 11 тамыз күні Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігі тіркеген. Вакцина "Спутник V" деген атауға ие болған.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу