Ресейге ауылшаруашылығы өнімдерін шығару қиындап отыр – Нариман Төреғалиев

2911

"Қандастарымызды рухани қолдауға да сеп болар еді"

Ресейге ауылшаруашылығы өнімдерін шығару қиындап отыр – Нариман Төреғалиев

Сенат депутаты Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысы мен Ресей арасындағы шекара бекеттерінің мәртебесін көтеруді сұрады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Жәнібек ауданындағы Жәнібек-Вишневка өткізу пунктіне көпжақты халықаралық өткізу пункті мәртебесін, ал Бөкей ордасы ауданындағы Жоғарғы Басқыншақ, Казталов ауданындағы Фомин өткізу бекеттеріне екіжақты автомобиль өткізу пункті мәртебесін беру керек.

"Өкінішке қарай Үкімет берген уәде үш жыл бойы созбалаңға салынып, шешімін таппай келеді", – деді ол. 

Оның айтуынша, жоғарыдағыдай мәртебе берілмегендіктен қазір ұзын сонар кезек қалыптасқан.

"Казталов-Жәнібек-Ресей жолы құрылысы таяу жылдары аяқталатынын ескерсек, Жәнібек-Вишневка шекара өткізу бекеті Ресей арқылы Украина, Белорус республикаларына және Еуропа елдеріне шығатын тікелей жолға айналады", – деді ол.

Сонымен қатар Бөкей ордасы ауданы мен Казталов ауданындағы бекеттер қазіргі уақытта жеңілдетілген өткізу бекеттері мәртебесіне ие. Ол жерден қажетті мөлшердегі тауарларды өткізуге тыйым салынған. Сол себепті жоғары сұранысқа ие ауылшаруашылығы өнімдерін Ресейдің іргелес облыстарына шығару және кәсіпкерлікті дамыту мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда қиындық туындап отыр.

"Шекарадан өткізу бекетінің мәртебесі ауыстырылатын болса, Жәнібек, Бөкей ордасы және Казталов аудандарында ет өңдеу, құрылыс материалдарын дайындау кәсіпорындарын салуға қызығушылық танытатындардың қатары көбейіп, Хан ордасы ауылында орналасқан музей кешеніне және Екінші дүниежүзілік соғысының оты шарпыған Қазақстан бойынша екі ауданға келетін туристер саны артады", – деді сенатор.

Оның айтуынша, бұл бекеттер жаңа мәртебе алса, Ресейдегі қандастарымызбен қатынас жанданып, олардың бойында ана тіліміз бен ұлттық болмысымызды сақтауға септігін тигізіп, рухани қолдау болмақ.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу