Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан велосипедпен Омбыға жол тартқан зейнеткер Дмитрий Козицын Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тәртіп сақшылары оған түнеуге орын тауып, велосипедін жөндеуге көмектесті.
Бұрын мектепте мұғалім болған Дмитрий Козицын велосипедпен саяхаттауды көптен бері әдетке айналдырған. Бұған дейін ол Выборгтен Владивостокқа дейін велосипедпен сапар шеккен. Бұл жолы саяхатшы Солтүстік Пальмирадан Омбыға дейінгі бағытты таңдаған.
Саяхатшының жолы Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлютка, Петропавл және Булаево қалалары арқылы өткен. Сапардың 24-күнінде техникалық қиындықтарға байланысты оған қосымша түнеу орны қажет болған.
Дмитрийдің байланыс тізімінде бірнеше жыл бұрын интернет арқылы танысқан қазақстандық велоспорт әуесқойының нөмірі сақталған. Саяхатшы оның полиция қызметкері екенін білмеген. Осылайша, Петропавл қаласының полиция қызметкерлері оған қолдау көрсетіп, түнеу орнын ұйымдастырған әрі велосипедін жөндеуге көмектескен.
Петропавл қаласы полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әділбек Жарасов саяхатшыны жеке қабылдап, жолдағы жағдайын сұраған. Сондай-ақ оған естелік ретінде Қазақстан полициясының патрульдік көлігінің ойыншық үлгісін сыйға тартқан.
Дмитрий Козицын тәртіп сақшыларына алғысын білдіріп, Қазақстан полициясының жылы қарым-қатынасы өзін ерекше таңғалдырғанын айтты.
Екі күннен кейін велосаяхатшы Омбыға аман-есен жетіп, сол жерден пойызбен үйіне қайтқан.