Ресейдегі жанармай тапшылығы автомобиль тасымалы саласына кері әсерін берді. Осыған байланысты ресейлік логистика компаниялары бағыттарын Қазақстанға бұра бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Коммерсантъ" басылымының жазуынша, ірі жүк көліктері үшін Қазақстан аумағы тек транзиттік дәліз емес, таптырмас "жанармай бекетіне" айналды. Себебі, отын қоры жеткілікті әрі арзан.
Сондай-ақ, мамандар алдағы уақытта тасымал қашықтығы ұлғайып, логистикалық бағыттар жанармайға қолжетімді өңірлерге, оның ішінде Қазақстанға көбірек ойысуы мүмкін екен деп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, жанармай тапшылығы жүк тасымалының құнын өсіріп, соның салдарынан тауар қымбаттауына әсер етуі мүмкін.