Ресми құжаттардағы елтаңба талапқа сай ма?

1197

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Nur Otan" партиясының елордадағы Республикалық қоғамдық қабылдауы алаңында азаматтарды қабылдады.  

Ресми құжаттардағы елтаңба талапқа сай ма?

Министрдің қоғамдық қабылдауына келген азаматтар сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерін шешіп жатты. Қабылдауға интернет арқылы қосылған Алматылық тұрғын Әділ Сыздықовтың айтуынша, ресми құжаттардың сыртында Мемлекеттік елтаңба қате бейнеленген. "Қазақстан Республикасының паспортында, жеке куәліктерде, дипломдарда Мемлекеттік герб дәл бейнеленбеген. Елтаңба алғашында қола түсті болғанымен, қазір алтын түстес. Сол себепті, барлық жерде елтаңба стандартқа сай болуы керек" деп шағымданды Әділ Сыздықов. Алматылық тұрғын өз нұсқасын ұсынып, министрге әзірлеген папкаларын көрсетті.

Министр Дәурен Абаев мемлекеттік символдар ресми қабылданған нақыштарға толықтай сәйкес келуінің міндеттілігіне тоқталды.

"Жалпы, мемлекеттік символдар, геральдика мәселесі бойынша коммисия бар. Ол жерде заңгерлер, полиграфия саласының және басқа да салалардан арнайы мамандары бар. Коммисияға өз ұсынысын білдірсе, олар міндетті түрде қаралады. Заң жағынан да, бейнелік жағынан да сарапталады. Егер азаматтар құзыретті мемлекеттік органдарға барып, өтініш берсе, міндетті түрде қарастырамыз. Мемлекеттік символдар стандарттарға сәйкес болуға тиіс. Әнұран да дұрыс орындалуы керек. Алайда, шағым білдіруші өз ұсынысын бизнесмен ретінде білдірді. Қарастыру қажет, әрине. Ал егер ұсынысы өтіп жатса, ол жеке-дара папка шығарудан монополияға ие болмайды", – деп жауап берді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Шағымданушы осы мәселені ұзақ уақыттан бері қозғап жүргенімен, билік өкілдері ұсынысын қарастырмағанын айтты.

"Бір нәрсені түсіну керек, мемлекеттік жүйе жұмыс істейді. Егер азаматтардың хаты дұрыс жазылып, бағытталса міндетті түрде жауап беріледі", – деді министр.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу