Республикалық "Ақсай" балалар клиникасын жаңғыртуға 5 млрд теңге бөлінбек

592

Қаржыландыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Республикалық "Ақсай" балалар клиникасын жаңғыртуға 5 млрд теңге бөлінбек Фото: yandex.kz

Салалық министрліктерге өтініш жазып, нәтижесінде алғашқы траншқа қаражат бөлінетін болды. Жобаның жалпы құны шамамен 12,8 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Құрылтай депутаты Нұргүл Тау мәлімдеді. Respublica партиясының өкілі мінберден тұрақты көтерген мәселені Үкімет қолдағанын жеткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Алматыдағы "Ақсай" балалар клиникасын реконструкциялауға республикалық бюджеттен қаржы бөлу мақұлданып, алғашқы транш 5 млрд теңге көлемінде белгіленді.

Мұнда жыл сайын 5 мыңнан астам бала стационарлық ем қабылдап, 2000-ға дейін операция жасалады. Клиника ортопедия, неврология, нефрология, гемодиализ, хирургия және басқа да күрделі медициналық бағыттар бойынша қызмет көрсетеді.

"Ақсай" балалар клиникасы 1954 жылдан бері еліміздің түкпір-түкпірінен келген балаларға медициналық көмек көрсетіп келеді. Алайда ондаған жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген ғимараттың техникалық жағдайы талапқа сай болмай, реконструкция мен сейсмикалық күшейту жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындады.

Депутат Нұргүл Тау бұл мәселені тұрақты бақылауында ұстады. Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің өкілдерімен, ҚазҰМУ басшылығымен және клиника ұжымымен бірнеше жұмыс кездесуі өтті. Жобалық-сметалық құжаттама мен қаржылық-экономикалық негіздемені әзірлеу және келісу жұмыстары сүйемелденді.

2024 жылғы 12 шілдеде жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Кейін қажетті салалық және экономикалық сараптамалардан өтіп, қаржыландыру мәселесі Үкімет деңгейінде қаралды.

2026 жылғы 3 ақпанда депутат Нұргүл Тау ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаеваның қабылдауында болып, клиниканы реконструкциялау мәселесін көтерді. Осы жылы 6 наурызда Қаржы министрі Мәди Такиев Премьер-министр Олжас Бектеновке тиісті хат жолдап, жобаны 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет есебінен қаржыландыру мақұлданды.

"Бұл жай ғана бір ғимаратты жөндеу емес. Бұл жыл сайын мыңдаған баланың сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасау, күрделі оталарды заманауи талаптарға сай өткізу және еліміздегі балалар медицинасының маңызды орталығын жаңғырту", – делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу