2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні

Республикалық бюджеттің шығысы 2022 жылы 15,9 трлн теңгені құрайды

1116

Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев келесі жылы бюджет тапшылығының жалпы ішкі өнімге қатынасы 3,3% деңгейінде болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Республикалық бюджеттің шығысы 2022 жылы 15,9 трлн теңгені құрайды

"Ұлттық банк жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2022 жылы – 4-6 %, 2023-2024 жылдары – 4-5% аралығында, 2025-2026 жылдары – 3-4% шегінде сақталатынын жариялады. Осы макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, республикалық бюджеттің кірісі трансфертті есепке алмағанда, болжам бойынша 2022 жылы – 9,2 трлн, 2023 жылы – 9,7 трлн, 2024 жылы –  10,4 трлн теңгені құрайды", – деді Әсет Ерғалиев. 

Министр кепілдендірілген трансферт 2022 жылы – 2,4, 2023 жылы – 2,2,  2024 жылы – 2 трлн теңге мөлшерінде айқындалғанын еске салып, бұдан бөлек Ұлттық қордан 2022 жылы – 550 млрд теңге мөлшерінде ақша алу көзделіп отырғанын айтты. 

"2023-2024 жылдары жыл сайын 400 млрд теңгеден нысаналы трансферт тарту ұсынылады. 2022 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,3% деңгейінде болады. Ал 2024 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,5%-ға дейін төмендейді деп болжанып отыр. 2022 жылы мұнай емес тапшылық ішкі өнімге қатысты 8,1%-ды құрап, 2024 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 6,3%-ға дейін қысқарады", – деді министр. 

Әсет Ерғалиевтің сөзінше, республикалық бюджеттің шығысы 2022 жылы – 15,9, 2023 жылы – 15,6, 2024 жылы – 16 трлн теңге көлемінде болжанды. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу