Резидентура гранттары алғаш рет цифрлық платформа арқылы бөлінді

359

Рейтинг нәтижелері бойынша 2384 грант бөлінді.  

Резидентура гранттары алғаш рет цифрлық платформа арқылы бөлінді Фото: gov.kz

Денсаулық сақтау министрлігі 2026–2027 оқу жылына медициналық мамандықтар бойынша резидентураға республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын бөлу жөніндегі конкурстың қорытындысын шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ресми мәлімет бойынша, биыл "Резидентураның цифрлық платформасы" ақпараттық жүйесі арқылы барлығы 12 575 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 8548 талапкер 2500 білім беру грантына арналған конкурсқа қатысуға жіберілді.

Рейтинг нәтижелері бойынша 2384 грант бөлінді. Игерілмей қалған 116 грант бойынша 27–28 тамызда қосымша конкурс өткізіледі. Оның қорытындысы 29 тамызда белгілі болады.

"Биыл резидентураға қабылдау алғаш рет цифрлық платформа арқылы болып жатыр. Конкурстық іріктеу үлгерімнің орташа балы (GPA) мен қорытынды мемлекеттік аттестаттау нәтижелері ескеріле отырып, автоматтандырылған режимде жүргізіледі. Қабылдау рәсімін цифрландыру конкурстың ашықтығын көрсетуге, білім беру гранттарын әділ бөлуге және медициналық кадрларды даярлауды тиімді жоспарлауға бағытталған", – делінген хабарламада.

Биылдан бастап талапкерлер үшін де мүмкіндіктер кеңейтілді. Атап айтқанда, талапкерлер бір мезгілде 4 мамандық бойынша 4 білім беру ұйымына құжат тапсыру мүмкіндігіне ие болды.

Резидентурада мамандар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы денсаулық сақтау жүйесінің нақты кадрлық қажеттіліктерін ескере отырып қалыптастырылады. Орындар санын анықтап алу үшін жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері, мамандардың тапшылығы мен жаңадан пайдалануға берілетін мекемелер үшін кадрларға қажеттілік ескеріледі.

Ведомствоның хабарлауынша, ең көп сұранысқа ие мамандар қатарында анестезиология және реаниматология, жалпы хирургия, терапия, педиатрия, кардиология, онкология, неврология, радиология, неонатология, травматология және ортопедия, сондай-ақ басқа да клиникалық мамандықтар бар.

2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы резидентураның 57 мамандығы бойынша қалыптастырылды.

Атап айтқанда, акушерия және гинекология бойынша – 231 орын, анестезиология және реаниматологияға 148, жалпы хирургияға 140, терапияға 122, педиатрияға 113, онкологияға 111, кардиологияға 102, радиологияға 86, неврологияға 84 және неонатологияға 75 орын қарастырылған.

Резидентура бағдарламалары бойынша мамандарды медициналық университеттер, ғылыми-зерттеу институттары, ұлттық ғылыми орталықтар және көпсалалы жоғары оқу орындарының медициналық факультеттері даярлайды.

Мемлекеттік гранттардың ең көп саны елдің жетекші медициналық жоғары оқу орындары арасында бөлінді:

  • С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне – 517 грант;
  • Астана медицина университетіне – 332; 
  • Семей медицина университетіне – 297;
  • М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне – 290; 
  • Қарағанды медицина университетіне – 212 грант.

Сонымен қатар 12–17 тамыз аралығында жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) гранттарына конкурсқа қатысу үшін өтініштер қабылданды.

Биыл Түркістан облысы мен Шымкент қаласын қоспағанда 18 өңір жалпы саны 900 грант бөлді. ЖАО гранттарына республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқуға түспеген тұлғалар қатыса алады.

18 тамызда ЖАО гранттары бойынша рейтинг нәтижелері жарияланады. Резидентураға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру – денсаулық сақтау жүйесін білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу