Риддердегі жылу орталығындағы апат қарашаның бесі күні болған еді. Содан бері бір айға жуықтады. Қалаға әлі толық жылу берілген жоқ. Шенділер жағдай реттеліп қалды дейді. Алайда тұрғындардың айтар уәжі көп.
"Бүгінгі күн қала түгелдей жылусыз. Біз әбден қатып қалдық. Үкіметтен көмек сұраймыз. Жылу орталығын жөндеп жатқандарын айтады. Бірақ одан қайыр жоқ. Бір амалын тапсаңыздар екен", дейді Риддер қаласының тұрғыны Ирина Петкова.
Жылусыз қиналған ел "Риддер" жылу электр орталығының жетекшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалсын деп, құзырлы органдарға арыз жазған. Тоңған жұрт бір адамның салғырттығынан күллі бір қаланың халқы зардап шеккені ескеріліп, енді мұндай жағдайдың қайталанбауы қатты қадағалануы қажет деп есептейді.
"Үйдегі құбыр қатып қалған. Оны жібітіп алдық. Бірақ одан қайыр жоқ. Отырған кейпіміз мынау. Жылу дұрыс берілмегеніне бір айдан асты ғой. Кінәлілер жауапқа тартылсын", дейді Риддер қаласының тұрғыны Людмила Чащина.
Ал қала әкімі жылу орталығы жөнделіп, жағдай реттелуге жақын деп мәлімдеді.
"Бесінші қазандық бесінші желтоқсан күні қосылады деп жоспарлап отырмыз. Қазір орталықтағы 3 жылу беру қазаны жұмыс істеп тұр. Төртінші қазан қосуға дайын. Ал соңғысын жөндеп жатырмыз", деді Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковой.
Әкім айтқандай орталықтағы қазандықтың бәрі қосылса жылу жайы бәлкім реттелер. Бірақ оған дәл қазіргі жағдайға куә болып отырған халық сенбейді.
Жанболат Санияз