ШҚО әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Риддер қаласына барып, жылу электр орталығын қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
"Қазір орталықта №5 қазандықты жөндеу және іске қосу жұмыстары аяқталды. Жексенбі күні ол ыстық режимге енгізіледі. Осы сәтте станцияда үш қазандық тұрақты жұмыс істеп тұр. Желідегі температура – 75 градус. Сегіз медициналық мекемеге Алматыда жасалған қосымша электр қазандықтары орнатылып жатыр. Бұл жүйедегі суды жүз градусқа дейін қыздыруға және ЖЭО-ға қосымша жүктемесіз әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді аймақ басшысы.
Оның айтуынша, 15 желтоқсанға дейін бұл жабдық барлық ауруханада, ал осы айдың 23-іне дейін 4 білім беру мекемесіне орнатылмақ.
"Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде резервте болған екі қазандықты жөндеу жоспарланған. Мамыр айында келесі жылыту маусымында осындай мәселе болмау үшін Риддер ЖЭО-ны толықтай реконструкциялауды бастаймыз. Қазір мазут пен көмір қоры жеткілікті. Күн сайын 15 вагон қатты отын жеткізіліп тұр", - деді Даниал Ахметов.