8 наурыз күні Рим Папасы Лев XIV Иран мен жалпы Таяу Шығыстан келіп жатқан жаңалықтарға байланысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Vaticannews-ке сілтеме жасап.
Понтифик аймақтағы ахуал одан сайын шиеленісіп жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, қақтығыс өңірдегі басқа елдердің тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін. Рим Папасы бұл жағдай, әсіресе, Ливан сияқты елдерге әсер етуі ықтимал деп отыр.
"Бомбалардың гүрсілі тоқтап, қарулар үнсіз қалып, диалогқа жол ашылуы үшін дұға етейік. Сонда халықтардың үні де естіледі", – деді Понтифик.
Өз үндеуінде Рим Папасы Лев XIV қақтығысушы тараптарды татулық жолына түсуге шақырды. Сондай-ақ ол халықаралық қауымдастыққа үндеу жасап, жағдайдың одан әрі ушығуын және кезекті адам шығынын болдырмау үшін бар күш-жігерін жұмсауға үндеді.
Айта кету керек, бұған дейін Рим папасы Украинада соғысты тез арада тоқтатуға шақырғанын жазғанбыз.