Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер интернеттегі танысу платформалары арқылы ер адамдармен байланыс орнатып, оларды "романтикалық кездесу" өткізуге көндірген. Кейін жалға алынған пәтерде бірге уақыт өткізуді ұсынып, пәтерді бір тәулікке жалға алу қажет екенін айтқан.
Осы мақсатта олар интернетте пәтер жалға беру туралы жалған хабарландырулар орналастырып, тартымды интерьер фотосуреттерін жариялаған. Жәбірленушілер көрсетілген есепшоттарға алдын ала ақша аударған.
Алаяқтық схема салдарынан 45-тен астам адам жәбірленіп, жалпы шамамен 620 мың теңге шығын келтірілген.
Ақшаны алғаннан кейін күдіктілер жәбірленушілермен байланысын үзіп, олардың нөмірлерін бұғаттаған.
Сотта айыпталушылардың кінәсін мойындап, келтірілген залалды өтегені ескерілді.
Нәтижесінде үш қызға 3 жылдан 3 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.
Сондай-ақ олар мәжбүрлі еңбекке тартылды. Үкім заңды күшіне енді.