Арменияда жаңа атом электр станциясын салу жөніндегі ұсыныстар қарастырылып жатыр. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім жақын арада қабылданады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– "Росатом" армян тарапына қуаты 1000 МВт болатын ВВЭР-1000 энергоблогын салу бойынша нақты ұсыныс жолдады. Ресей бұл жобаны халықаралық интеграцияланған консорциум форматында жүзеге асыруға дайын. Егер ресми Ереван бұған мүдделі болса, құрылыс жұмыстарына қосымша Франция, Корея және Қытайдан компанияларды тартуға болады, – деп мәлімдеді "Росатом" басшысы Алексей Лихачёв.
Премьер-министр Никол Пашинянның айтуынша, шешім қабылдау кезінде станция құрылысының құны, сапасы, қауіпсіздігі, іске асыру мерзімі және ұсынылатын кепілдіктер секілді экономикалық көрсеткіштер ескеріледі.
Кездесуде Армения атом электр станциясының екінші энергоблогын пайдалану мерзімін ұзарту мәселесі де талқыланды.
Армения тарапы жаңа атом электр станциясын салуға қатысты ұсыныстарды қарастыруды жалғастырып жатыр.