Росатом Қазақстанда АЭС салуға дайын – Путин

563

Стратегиялық нысанды тұрғызуға 5 елден өтініштің келіп түскен.

Росатом Қазақстанда АЭС салуға дайын – Путин Фото: inbusiness.kz

Росатом Қазақстанда АЭС салуға дайын. "Казахстанская правда" газетіне берген сұхбатында Путин осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Онда Ресей көшбасшысы былай деген. Цитата: "Қазақстан басшылығы өз аумағында атом электр станциясын салу мәселесін қарастыратыны белгілі. Егер осы жобаны іске асыру туралы шешім қабылданатын болса, "Росатом" мемлекеттік корпорациясы ең жоғары экологиялық талаптар мен қауіпсіздік нормаларын сақтап, ең озық технологияларды пайдалана отырып, тиісті жобаны әзірлеуге дайын".

Атом электр станциясына қатысты пікірін Қасым-Жомарт Тоқаев та білдірді. Қазақ басшысы ресейлік "Известия" басылымына берген сұхбатында былай деді:

"Елімізде АЭС салуға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Бір жағынан, Қазақстанның атом энергетикасын дамыту әлеуеті мол. Екінші жағынан, көптеген азаматтар мен сарапшылар атом станциясының қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Семей ядролық сынақ полигонының ауыр қасіретін ескерсек, мұны түсінуге болады. Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады".

Тоқаев өз сөзін "2019 жылы мен сайлауалды тұғырнамамда аса маңызды стратегиялық мәселелер бойынша шешімдер референдумдар арқылы қабылданатынын мәлімдедім", - деп толықтырды.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы атом электр станциясын салудың қажеттілігі бар-жоғын халық анықтайтынын қырқүйектегі Жолдауында айтқан болатын. Соған сай мәселеге "жалпыхалықтық референдум" арқылы нүкте қойылады. Ал онда қандай сұрақ қойылатыны және жұрттың таңдауына нендей нұсқалар берілетіні әзірге бекітілмеген көрінеді. 

"Қазір референдум сұрақтары бекітілмеді. Сұрақтарды түзуде қоғамның пікірі сөзсіз ескеріледі. Қазір Ұлттық референдум туралы Заңға сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі референдумға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Өңірлерді аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізетін сарапшылар тобына депутаттар мен қоғамдық пікір көшбасшыларын да қосатын боламыз.  Қазір күн тәртібі әлі бекітілген жоқ. Біз бұл жұмыс туралы қосымша хабарлаймыз", - деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Сондай-ақ, бүгін стратегиялық нысанды тұрғызуға 5 елден өтініштің келіп түскені айтылды. Франция, Қытай, Ресей және Кореяның компаниялары іріктеудің алғашқы кезеңінен өткені белгілі. Оған қосымша Энергетика министрлігі америкалық кәсіпорындардың шағын модульдік реакторлар салу жөніндегі екі ұсынысын қарастырып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу