Атом энергетикасы жөніндегі агенттік Ресей салатын АЭС-тің эксплуатациясын Қазақстанның өз мамандары қамтамасыз ететінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жоба коммерциялық сипатта, қаржыландыру вендорлардың есебінен қамтамасыз етіледі. Қаржыландыру құрылымы әлі келіссөздер кезеңінде. АЭС құрылысының соңғы құнын анықтау – көпқырлы процесс. Мұнда шешуші рөлді халықаралық жеткізушілермен жүргізілетін келіссөздер шарттары мен жобалық құжаттаманы әзірлеу, инженерлік ізденістер нәтижелерінен кейін анықталады. Тек осы кезеңдер аяқталғаннан кейін ғана жобаға арналған нақты бюджет нақтыланады", – делінген агенттік таратқан ақпаратта.
БАҚ өкілдері "Ресей АЭС-ті Түркиядағы секілді өзі салып, кейін өзі қолдана ма?" деп нақтылады.
"Түркияда Ресей АЭС-ті өзі салып, өзі пайдаланса, Қазақстанда мұндай схема қолданылмайды. Жоба коммерциялық сипатқа ие, Росатом консорциумның жетекшісі және басқа да вендорлармен құрылыс жұмыстарын жүзеге асырады, ал АЭС біздің ұлттық нысанымыз және эксплуатациясын Қазақстанның өз мамандары қамтамасыз етеді", – деп хабарлады Атом энергетикасы жөніндегі агенттік.
Агенттік әлемдік тәжірибеде АЭС жобалау, салу және іске қосу процесі орта есеппен 10-12 жылға созылатынын баса айтты.
"Осылайша құрылыс жұмыстары шамамен 2035-2036 жылдары аяқталады деп жоспарланып отыр", – делінген жауапта.
Айта кету керек, бұған дейін еліміздегі алғашқы АЭС-ті "Росатом" салатыны туралы шешім өзгермейтінін жазғанбыз.