Жылыту маусымының өтуіне бақылау және алдағы жөндеу науқанына дайындық аясында Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев Қостанай облысындағы энергетикалық объектілерді аралады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Комитет төрағасы Рудный ЖЭО-дағы қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Қазір №1 қазандықтың монтажы аяқталуға жақын, №3 турбинаның генераторын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Қазандық бойынша монтаж жұмыстарын а.ж. 30 наурызына дейін аяқтау жоспарланған, сәуір–маусым айларында іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіледі. Қазандықты іске қосу станцияның қолда бар қуатын 30 МВт-қа арттыруға мүмкіндік береді. №3 турбина бойынша ҚХР-дан жаңа генератор жеткізілген, оны монтаждау жұмыстарын тамызға дейін аяқтау жоспарлануда.
Сондай-ақ Комитет төрағасы "KEGOC" АҚ Сарыбай МЭС диспетчерлік орталығында болып, өңірдің энергия жүйесінің жедел сызбасымен, жоспарланған жөндеу жұмыстарымен және су тасқыны кезеңіне дайындық шараларымен танысты.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімдігі өкілдерінің және өңірдегі энергетикалық кәсіпорындары – Қостанай ТЭК, Арқалық ЖЭО, Рудный ЖЭО, Рудный жылу желілері, ЭПК-Forfait және Межрегионэнерготранзит басшыларының қатысуымен кеңес өтті. Кеңесте проблемалық мәселелер қаралып, кәсіпорын басшыларының баяндамалары тыңдалды. Энергетикалық объектілердің су тасқыны кезеңіне дайындығы және тиісті іс-шараларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
"Жылыту маусымының тұрақты аяқталуын қамтамасыз ету және энергетикалық объектілерді алдағы жөндеу науқанына уақтылы дайындау маңызды. Барлық жұмыстар белгіленген мерзімде және энергия жүйесінің қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып жүргізілуі тиіс. Бұл өңірлерді тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді", – деп атап өтті Ержан Ертаев.
Комитеттің Қостанай облысы бойынша аумақтық департаментіне жылыту маусымының өтуін, жөндеу науқанына дайындықты және су тасқынына қарсы іс-шаралардың іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.