"Рухани жаңғыру" бағдарламасына өзгеріс енгізілді

1465

Санға емес, сапаға басымдық беріледі. 

"Рухани жаңғыру" бағдарламасына өзгеріс енгізілді

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілеповтің айтуынша, 
бағдарламадан мазмұны таяз, мақсаты сұйық  шаралар алынып тасталды.

"3 жылда "Рухани жаңғыру" бағдарламасын басқарудың институционалдық негізі қалыптасты. Барлық өңірде жобалық кеңселелер ашылып, әр жердің ерекшелігіне байланысты мазмұнды жоспар құрылды. Әрине, кез келген бастаманың баяндылығы бұл сол бастамаға жанашыр маманға байланысты. Сондықтан да бұл мәселеге ерекше көңіл бөлініп келеді. Осыған орай министрлік жанынан арнайы қоғамдық даму институтының қызметі жолға қойылды. Оған ғылыми-сараптамалық міндеттен бөлек өңірлік кеңселелердегі мамандарға әдістемелік көмек көрсету жұмысы жүктелді", – деді вице-министр. 

Болат Тілеповтің баяндауынша, бағдарламаның 6 бағыты бойынша 13 жоба бекітіліп, осы уақытқа дейін ондаған мың шара өтті.

"Бұл жерде біз үшін маңыздысы сан емес, сапа. Өйткені тәжірибе көрсеткендей, кейбір жерлерде есептілік, науқаншылдық сияқты үрдістер орын алғаны жасырын емес. Бұл туралы жыл басында өткен мемлекеттік комиссияның отырысында нақты айтылды. Нәтижесінде өңірлердегі барлық іс-шараларға қайта талдау жасалып, рухани жаңғыруға мүлдем қатысы жоқ, мазмұны таяз, мақсаты сұйық көптеген шаралар алынып тасталды. Мәселен, өткен жылдың жоспарында 229 іс-шара көзделген болса, биыл барлығы - 97 тармақ. Бұл жерде тағы да қайталап айтайын, іс-шаралардың сапасына үлкен мән беріліп отыр", – деді ол. 

Вице-министр бүгінгі таңда нақты 3 бағыты белгіленіп отырғанын айтты. 

"Бірінші бағыт - тұлғалық даму. Яғни оған білімнің салтанат құруы, бәсекеге қабілеттілік, сананың ашықтығы, прагматизм сияқты қағидаттар кірді. Екінші бағыт - бұл ұлттық бірегейлік пен халықаралық мәртебені арттыру. Үшінші бағыт - мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы. Осының барлығын іске асыру үшін орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға арнайы ұсыным әзірленіп, жолданды", – деді Болат Тілепов.

Қанат Махамбет
Фото: uchitelskaya.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу