18 наурызда Румынияның Мидия портында "Астана" буксирі бес экипаж мүшесімен бірге суға батып кетті, деп жазады inbusiness.kz сайты Report агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің Румыния БАҚ-тарына сілтеме жасап хабарлауынша, экипаж мүшелерінің бірі жағаға жеткізілгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Қазіргі уақытта қалған төрт адамды іздеу операциясы жүргізілуде. Румыния Әскери-теңіз күштерінің басшылығы олардың қаза болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Оқиға орнына жедел жәрдем бригадалары, сүңгуірлер және арнайы қызметтер жіберілді.
Румынияның әскери-теңіз ведомствосының мәліметінше, буксир "Амадес" атты Маршалл аралдарының туы астындағы танкерді Монбуй терминалына байлау кезінде аударылып кеткен. Бұл терминал Мидия портынан шамамен 8 шақырым қашықтықта орналасқан.
Оқиғаның себебін анықтау мақсатында тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Астана" буксирі Румыния туы астында жүзіп жүрген және 2006 жылы салынған. Кеменің ұзындығы – 26,09 метр, ені – 7,94 метр, ең үлкен шөгу тереңдігі – 3,85 метр, ал қозғалтқыш қуаты – 2610 кВт (3500 ат күші).