S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның дербес рейтингін растады

150

S&P Global Ratings рейтинг агенттігі оң болжамды сақтай отырып, Қазақстанның ұзақмерзімді дербес кредиттік рейтингін "BBB-" деңгейінде растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның дербес рейтингін растады Фото: S&P Global Ratings

Оң болжам S&P-дің алдағы жылдары фискалдық шоғырландыруды жалғастыруға, сондай-ақ мемлекеттің елеулі өтімді активтерінің сақталуына қатысты күтулерін көрсетеді. S&P-дің бағалауы бойынша, жаңа ортамерзімді бюджет Ұлттық қор активтерін қайта жинақтауды және бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен қысқартуды көздейді.

S&P Ұлттық қордың 2025 жылғы инвестициялық нәтижелері қуатты болғанын атап өтеді. Одан бөлек, Ұлттық қорды пайдалану тәртібін әлдеқайда күшейту өтімді активтердің едәуір көлемін сақтап қалуға мүмкіндік береді. 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері шамамен 63,9 млрд АҚШ долларын құрады. 

S&P 2026-2028 жылдары экономиканың өсу қарқыны біршама баяулайды деп күтеді, бірақ ортамерзімді перспективада орнықты болады – шамамен 4%. Бұл 2026 жылы мұнай өндірісінің төмендеуіне және фискалдық ынталандырудың қысқаруына байланысты болады.

S&P пікірі бойынша, ақша-кредит саясатының тетіктері өз тиімділігін көрсетіп келеді. 2025 жылдың соңында инфляцияның баяулағанын атап өткен S&P талдаушылары Ұлттық Банктің жүргізіп отырған ақша-кредит саясаты мен бюджет тапшылығының қысқаруынан ол 2028-2029 жылдарға дейін төмендей түседі деп күтеді.

S&P ақша-кредит саясаты мен макропруденциалдық және фискалдық құралдарды іске асыру мәселесінде Үкімет пен Ұлттық Банк арасындағы саясат шараларын үйлестіру ісі де күшейе түскенін атап өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу