Саакашвилидің отбасы оны түрмеден босату үшін миллион долларға жуық ақша төледі

1005

Бұл ақпаратты АҚШ Әділет министрлігі жариялады, деп жазады inbusiness.kz Интерфакс  порталына сілтеме жасап. 

Саакашвилидің отбасы оны түрмеден босату үшін миллион долларға жуық ақша төледі Фото: BBC

Грузияның бұрынғы басшысы Михаил Саакашвилидің отбасы АҚШ-тың "Акерман" заңгерлік компаниясына 917 мың доллар төледі. Қомақты сома фирманың лоббистері Саакашвилиді түрмеден шығаруға көмектесетіні үшін берілген.

2022 жылдың шілде айында Саакашвилидің анасы Джули Аласания "Акерманмен" келісімшартқа қол қойды. БАҚ мәліметінше, өткен жылдың күзінде Тбилисиге келіп, экс-президентке диагноз қойған америкалық дәрігерлерге медициналық қызмет көрсеткені үшін 350 мың доллардан астам қаражат төленген.

Тілшілермен сөйлесу барысында Джули Аласания "Акерман" компаниясымен жасалған келісімшарт туралы ақпаратты растады.

"Мен санамадым, бірақ бұл өте үлкен сома болды. Біз заңгерлік компанияны, сондай-ақ Грузияға келіп, қажетті жұмыстарды жүргізген дәрігерлерді жалдадық. Олардың ішінде үшеуі тегін қызмет көрсеткенін атап өту керек", - деді Саакашвилидің анасы.

Өз кезегінде "Грузин арманы" билеуші партиясының депутаттары АҚШ Әділет министрлігін Саакашвили отбасына қомақты қаражаттың қайдан келгенін анықтауға шақырып отыр.

"Саакашвилидің отбасы мұндай ақшаны қайдан алды деген сұрақ туындайды. АҚШ Әділет министрлігін Саакашвили отбасынан осындай үлкен қаражаттың бар-жоғын анықтауға шақырамын", - деп мәлімдеді депутат Эка Сепашвили журналистердің сауалына берген жауабында.

6 ақпан күні Тбилиси қалалық соты шетелдік дәрігерлердің Михаил Саакашвилидің денсаулығына байланысты айтқанын назарға алмастан, саясаткерді қамауда қалдырған болатын.

Еске салайық, Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили 2021 жылдың 29 қыркүйегінде еліне жасырын барды. Ол 1 қазанда Тбилисиде ұсталды. Содан кейін Рустави қаласында түрмеге жабылып, аштық жариялады. 8 қарашада туыстары және адвокаттарының келісімінсіз Рустави қаласындағы түрмеден Тбилисидегі (Глдани ауданы) түрменің ауруханасына ауыстырылды. 20 қараша күні саясаткерді Гори қаласындағы әскери госпитальға ауыстырды, онда ол аштық жариялауын тоқтатқан болатын. Өткен жылдың 12 мамырынан бастап Саакашвили Тбилисидегі "Виамед" азаматтық клиникасына жатыр.

Грузияда Саакашвилиге бірнеше қылмыстық іс бойынша айып тағылды. Өз кезегінде экс-президент оны заңсыз ұстап жатқанын, оған тағылған айыптың бәрі жалған екенін айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу