Садақ асынған мергендер мерекелік гүл шоқтарын сыйға тартты

261

Ең бастысы арнайы мейрамға орай  олар ұлттық киімдерін киіп, бес қаруын асынып шықты.

Садақ асынған мергендер  мерекелік гүл шоқтарын сыйға тартты Фото: А.Садатқызы

Жаңаөзен көшелерімен жүріп өткен ат үстіндегі мергендер тұрғындарға гүл шоқтарын ұсынып,  көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұлттық спорт күні аясында өткізілген ерекше акцияға  30-ға жуық мерген қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Өткен тарихқа ой салар болсақ, ұлттық спорт ұлт мәдениетінің ажырамас негізі екеніне көз жеткіземіз. Қазақ халқы ғасырлар бойы бағзыдан бүгінге жеткен салт-дәстүрлерін дәріптеуден танған емес. Әсіресе ұлттық спорт түрлерінің елімізде кеңінен насихатталып, алдыңғы қатарларға шығуына мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалуда. 

Осы мақсатта Жаңаөзенде Наурыз мейрамы қарсаңында ерекше акция өткізілді. Көпшілік көзайымына айналып көше бойымен жүріп өткен аттылы мергендер легінде спорт шеберіне үміткерлер мен екі дүркін ҚР чемпионы бар. Сондай-ақ, акцияға жасөспірімдер мен ер азаматтар да атсалысты. Ең бастысы арнайы мейрамға орай  олар ұлттық киімдерін киіп, бес қаруын асынып шықты.

 Ел мерейін өсірген ұлық мереке Наурыз мейрамы қарсаңында   ұлттық спорт күнін атап өту аясында ізгілік пен ынтымаққа үндейтін игі бастама халықтың ықыласына ие болды. Жұртшылық жағымды эмоциясымен бөлісіп жатты.Іс-шараға кәсіпкер Бақтықожа Орысбаев арнайы көмектесті. 

Осылайша, ұлттық спорт күні  қуаныш, шаттық пен мейірім думанына айналды. 

“Алдағы жылы Наурыз аясында біз ұлттық спорт түрлеріне арналған іс - шаралардың ауқымын кеңейтуге ниеттіміз”, - дейді Маңғыстау облысы жамбы ату федерациясының аға жаттықтырушысы Саним Мурадова. 

Ұлттық спорт тек жарыс, көшпелі тұрмыс көрінісі ғана емес, күш, ептілік пен қамқорлық  сынды ата - бабаларымыздың өнегесіне айналған  өмірлік ұстаным.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу