Садыр Жапаров Қырғызстанда энергетикалық сусындарға толық тыйым салмақ

803

Енді ел үкіметі осы мәселені жан-жақты пысықтауы тиіс.

Садыр Жапаров Қырғызстанда энергетикалық сусындарға толық тыйым салмақ Фото: freepik.com

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров министрлер кабинетіне бір ай мерзім ішінде энергетикалық сусындарды өндіруге және елге сырттан әкелуге тыйым салу мәселесін қарастыруды тапсырды. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап. 

Қырғыз басшысы бұған дейін өз әкімшілігінің жауапты бөлімдеріне елдегі энергетикалық сусындарға қатысты ахуалды мұқият зерттеуді тапсырғанын еске салды.

Талдау нәтижесі сұраныстың жыл сайын артып жатқанын көрсетіп отыр. 2025 жылы ел халқы 54 миллион 199 мың литр энергетикалық сусын тұтынған. Ал биылғы 6 айда бұл көрсеткіш 36 миллион 83 мың литрге жеткен.

2025 жылғы статистикаға сәйкес, Қырғызстанда  25 миллион 263 мың литр энергетикалық сусын өндірілген. Ал ЕАЭО елдерінен – 28,4 миллион литр, басқа мемлекеттерден – 1,2 миллион литр жеткізілген. Бұл саладан бюджетке түсетін салық пен кедендік түсімдер де қомақты. Мәселен, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 миллиард 104 миллион сомнан асса, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 996 миллион сомға жуықтады.

"Денсаулық сақтау саласының мамандары, соның ішінде кардиолог, уролог пен эндокринолог дәрігерлер энергетикалық сусындарды шектен тыс тұтынудың қаупі туралы дабыл қағып отыр. Кейбіреулер "мөлшерін асырмаса, ештеңе етпейді" деуі мүмкін. Бірақ та, бұл сусындардың уақыт өткен сайын тәуелділікке әкелетінін ескеруіміз қажет. Кейін бұл әдетке айналуы мүмкін. Ал оның соңы кейде өкінішті жағдайларға апарып соғады", – деп жазды Қырғызстан президенті. 

Жапаров өзге елдердің тәжірибесін мысалға келтірді. Оның сөзінше, Литва мен Латвияда энергетикалық сусындарды қарапайым дүкендерде еркін сатуға шектеу қойылған. Польшада 2024 жылдан бастап бұл өнімдерді 18 жасқа толмағандарға сатуға заңмен толық тыйым салынды.

Ал Қазақстанда 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым бар.

Алдын ала жасалған есептеулерге сәйкес, Қырғызстанда энергетикалық сусындарды өндіруге және елге сырттан әкелуге шектеу қойылған жағдайда, бюджет шамамен 1,5 млрд сом қаражаттан қағылайын деп тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу