Сайлау-2023: ЕҚЫҰ миссиясы жұмысын бастады

458

Миссия сайлаудың ЕҚЫҰ міндеттемелеріне және демократиялық сайлау өткізу жөніндегі басқа да халықаралық міндеттемелер мен стандарттарға, ұлттық заңнамаға сәйкестігін бағалайды.    

Сайлау-2023: ЕҚЫҰ миссиясы жұмысын бастады Фото: el.kz

ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының Қазақстандағы парламенттік сайлауды бақылау жөніндегі миссиясы жұмысын бастады, деп жазады inbusiness.kz.

Миссия елордадағы 11 халықаралық сарапшыдан, 17 ақпаннан бастап республика бойынша орналастырылатын 32 ұзақ мерзімді байқаушылар тобынан тұрады.

Бұдан бөлек Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы сайлау күні жақындағанда 300 қысқа мерзімді байқаушы сұрауды жоспарлап отыр.

"ЕҚЫҰ-ның 57 қатысушы мемлекеті бар.  Олардың барлығы, соның ішінде Қазақстан да демократиялық өзгерістерге, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарға қатысты бірқатар міндеттемелерді қабылдады", - деді сайлауды бақылау миссиясының басшысы Оуэн Мерфи.

Миссияның жұмысы нормативтік-құқықтық базаны қолдау, сайлау комиссияларының қызметкерлерін оқыту және т.б. салаларды қамтиды.

Бақылаушылар үгіт-насихат жүргізу, сайлау заңнамасының орындалуы, сондай-ақ сайлауға қатысты бұрынғы ұсынымдардың орындалуын қадағалайды.

Оуэн Мерфидің сөзінше, миссия сайлау күні сайлау учаскелерінің ашылуы, дауыс беру, бюллетеньдерді санау, нәтижелерді шығаруды бақылайтын болады.

Ол ЕҚЫҰ миссиясы жұмысының мақсаты сайлау науқанын қадағалау, қандай да бір заңнамалық өзгерістердің әсерін бақылау екенін жеткізді.

"Біздің миссияны Қазақстан билігі шақырғанын, өз кезегінде біз тәуелсіз бақылау жүргізетінімізді атап өткім келеді. Негізгі байқаушылар тәжірибелі сарапшылар болып есептеледі. Олар сайлау, референдум мәселелері бойынша білікті мамандар", - деді сайлауды бақылау миссиясының басшысы Оуэн Мерфи.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу