Сайлау: 3 партияның кандидаттары құжат тапсырды

428

Бүгін Орталық сайлау комиссиясы таңнан кешке дейін Парламент сайлауына түсетін 3 бірдей партияның құжаттарын қабылдады.

Сайлау: 3 партияның кандидаттары құжат тапсырды Фото: egemen.kz

Арасында саяси додада алғаш рет бақ сынайтындары да бар. Осы уақытқа дейін билікке сенімсіздік танытып, сайлауға байкот жариялап келген саяси ұйым да бұл жолы тізімін өткізіп үлгерді.

Ақжолдықтардың құжатын өткізуге Азат Перуашев бұрынғы мәжілісмендермен, яғни, екі орынбасары және Дания Еспаевамен жетті. Айтпақшы, төртеуі де бұрынғы жылы орындарынан қайта үмітті. "Аманатты" басты қарсылас санайтын "Ақ жол" бұл сайлауға 78 үміткер ұсынып отыр. Тізімде экс-депутаттар да бар.Азат Перуашев "Ақ жол" партиясының төрағасы

"12 депутаттың ішіндегі 7-ші шақырылымда болған 10 шақты депутат бар. 5-ші шақырылымда депутат болған Сарсенов әріптесіміз де бас қосып жатыр", дейді "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Ал осыған дейін Парламент сайлауына байкот жариялап келген Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы тұңғыш рет комиссия алдына құжаттарын ала келді. Өздерін оппозиция санайтын партия басшылығының шаруасы қауырт болғаны соншалық, төраға да, орынбасарлары да төбе көрсетпеді. Баспасөз хатшысы мен аппарат басшысы ғана келді. Бұл партияның Ақжолдықтарға қарағанда кандидаттары да едәуір аз - 25 адам.

8 жыл дегенде әрең тіркеліп, саяси додада тұсауы енді кесілетін "Байтақ" партиясының жетекшісі өзін-өзі ұсынды. Парламентке партиялық тізіммен түсіп отырған 18 үміткердің құжатын әкелген Азаматхан Әміртаев өз партиясына сенімсіз бе?! 

Осымен орталық сайлау комиссиясына 4 партия кандидаттарын ұсынды. Әзірге Аманат, Республика мен Ауыл партиялары тізім тапсырмады. Құжаттарды қабылдауға 2 күн қалды. Кейін саяси дода басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу