Сәкен Сейфуллиннің мұрасын танытатын ерекше көрме ашылды

309

Түркістандағы Ясауи музейінде қазақтың көрнекті ақыны, жазушысы және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сәкен Сейфуллиннің мұрасын танытатын ерекше көрме ашылды Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

 "Сәкен Сейфуллин: тағдыр мен тағылым" атты экспозицияда қаламгердің жеке заттары, қолжазбалары мен тарихи құжаттары ұсынылған.

Көрменің ашылу салтанатына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мәдениет қайраткерлері, музей мамандары, оқытушылар мен оқушылар қатысты. Қонақтарға концерттік бағдарлама да ұсынылды.

Экспозиция үш бөлімнен тұрады. Онда ақынның балалық және жастық шағы, мемлекеттік және қоғамдық қызметі, әдеби мұрасы қамтылған.

Келушілер қаламгердің "Ундервуд" жазу машинкасын, қойын дәптерін, алтын қалта сағатын және отбасында пайдаланылған тұрмыстық бұйымдарды көре алады. Сондай-ақ көрмеге сирек фотосуреттер, қолжазбалар, тарихи құжаттар мен шығармаларының алғашқы басылымдары қойылған.

Экспозициядан Сәкен Сейфуллиннің 1927 жылы жарық көрген "Тар жол, тайғақ кешу" романының алғашқы басылымын, "Асау тұлпар", "Жер қазғандар", "Өткен күндер" шығармаларын және публицистикалық мақалаларын да кездестіруге болады.

Көрме қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлес қосқан тұлғаның мұрасын таныстыруға, оның қазақ тілін дамыту мен ұлттық құндылықтарды сақтаудағы еңбегін дәріптеуге бағытталған.

Көрме 9 қарашаға дейін Түркістандағы Ясауи музейінде жалғасады. Ұйымдастырушылар – Сәкен Сейфуллин музейі мен "Әзірет Сұлтан" ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу