Салауатты өмір салтын ұстанатындардың көрсеткіші 35,7%-ға өсті – зерттеу

185

Елімізде салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесі жыл сайын біртіндеп өсіп келеді.  

Салауатты өмір салтын ұстанатындардың көрсеткіші 35,7%-ға өсті – зерттеу Фото: gov.kz

2025 жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген ұлттық зерттеу қоғамдағы денсаулық мәдениетінің нығайып келе жатқанын көрсетіп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл мониторинг денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасын 2026 жылға дейін іске асыру аясында жүргізілген. Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми Денсаулық сақтауды дамыту орталығы 2025 жылдың қорытындысына сәйкес "Салауатты өмір салтын ұстанатын Қазақстан Республикасы азаматтарының үлесі" көрсеткіші жөніндегі жыл сайынғы ұлттық зерттеуді аяқтады.

Зерттеу репрезентативті әлеуметтік сауалнамаға негізделіп, елдің 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласынан 13 617 респондентті қамтыды.

Алынған деректер қазақстандықтардың салауатты өмір салты қағидаттарына қаншалықты бейім екенін объективті бағалауға мүмкіндік береді.

Соңғы төрт жыл бойы жүргізіліп келе жатқан бұл мониторинг халықтың денсаулыққа қатысты мінез-құлқындағы өзгерістерді және негізгі қауіп факторларының таралуын жүйелі түрде бақылап отыр. Олардың қатарында темекі шегу, алкогольді шамадан тыс тұтыну, физикалық белсенділіктің төмендігі, көкөністер мен жемістерді жеткіліксіз пайдалану, сондай-ақ тұзды артық қолдану бар. Бұл факторлардың барлығы созылмалы инфекциялық емес аурулардың дамуына тікелей әсер етеді.

2025 жылдың нәтижелері оң әрі тұрақты динамиканы көрсетті. Салауатты өмір салтына бейімділіктің интегралды көрсеткіші бір жыл ішінде 34,2 пайыздан 35,7 пайызға дейін өсті. Барлық бес компонентті бірдей сақтайтын, яғни жоғары деңгейдегі бейімділігі бар азаматтардың үлесі 7,2 пайыздан 8,4 пайызға жетті. Қанағаттанарлық деңгейдегі көрсеткіш те өсіп, 27,0 пайыздан 27,3 пайызға артқан.

Мамандар бұл өзгерістерді мемлекет пен қоғам тарапынан денсаулық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі ретінде бағалайды. Профилактикалық бағдарламалардың кеңеюі, халықтың қауіп факторлары туралы ақпараттануы және алдын алу шараларының күшеюі өз жемісін беріп отыр.

Сонымен қатар зерттеу салауатты өмір салтына бейімділіктің әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктерге тығыз байланысты екенін көрсетті. Денсаулыққа жауапкершілігі жоғары мінез-құлық көбіне әйелдерге, жоғары білімі бар азаматтарға және қала тұрғындарына тән. Ал ер адамдар, 45 – 59 жас аралығындағы адамдар және білім деңгейі төмен топтар мінез-құлықтық қауіп факторлары тұрғысынан әлі де ең осал санаттар қатарында қалып отыр.

Зерттеу нәтижелері алдағы кезеңде қоғамдық денсаулық сақтау стратегияларын нақтылауға, тәуекелі жоғары топтарға бағытталған мақсатты профилактикалық шараларды күшейтуге ғылыми негіз болмақ.

Сарапшылардың пікірінше, бұл деректер денсаулық сақтау саласындағы шешімдерді дәлелді әрі тиімді қабылдауға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу