Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып – қазақ халқының бірегей болмысы

Жұмбақ сырға, тылсымға толы ұлтымыздың болмыс-бітімі бірнеше бөлікке негізделеді.  

Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып – қазақ халқының бірегей болмысы Фото: gov.kz

Олар – салт, дәстүр, ырым, тыйым, наным-сенім және әдеп-ғұрып, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Этнограф, журналист Сәкен Алдашбаевтың сөзінше, бұл алтауының көтеріп тұрған жүгі бір болғанымен, шығу тегі, бағыт-бағдары әртүрлі.

Бұлардың барлығы шариғатқа, табиғатқа не әдеп ғұрыпқа негізделеді. Және біріне-бірі өтіп отырады. Оның ішінде дініміздің ықпалымен қолданыстан мүлде шыққан ырымдар мен кейіннен пайда болған кірме ырымдар және қолдастағы наным-сенімдер бар, – дейді ол.

Осы орайда, кейіпкерімізден ұлттық болмысымызға жеке-жеке тоқталып, жан-жақты түсіндіруді сұрадық.

– Салт болуы үшін оның артында қандай да бір сүйенетін негізі болуы керек. Яғни, салттың артында хисса, құран мен хадис және табиғат шарттары тұрады. Мәселен, асыл дінімізде мынандай амалды құптайды, "біз соған ұқсап осылай жасаймыз немесе мына хиссада осылай болған екен, біз сондықтан одан тыйыламыз" деп әрекет етеді. Осындай шығу тегі белгілі амалдың уақыт өте келе негізі ұмытылып, тылсым сенімге айналады. Мұндай өзгерістер әдеп-ғұрып, табиғат шарттарын орындау кезінде де болады.

Дәстүр – қоғамның, заманның, ортаның ыңғайлылығына қарай өзгеріп, жаңадан пайда болып, кейде жоғалып кетіп отыратын рәсімдер. Мәселен, ет тамағы тартылған кезде, табақтағы қамырдың үстіне жілік пен сүйектер, тұтастай ет салынып дастарқан басына келеді. Оны бір жас жігіт қиялап турайды. Бұл біздің әдебіміз еді. Тіпті, бұны салтқа жатқызамыз. Себебі, Адам ата мен Хауа ана жерге түскен соң оларға жұмақтан қойдың тұтас күйінде келетін. Етті артаға алып Адам ата оны қолымен тарамдап, турағандай етіп қоятын деген қисса бар. Осы қиссаға сүйенсе керек, етті ер адамдар турайды. Және ет турау дастарқан басындағы меймандарға жасалған барлау болмақ. Қай табақта кім отырғанын аңықтап, кейін бата сұрауда, табақ алуда келіндерге ақпарат беріледі. Сосын қай табаққа қай келін баратыны шешіледі. Себебі, кей табақта келіннің төркіні отырып қалуы мүмкін, – дейді Сәкен Алдашбаев.

Қазіргі күні осы ет тамағын дастарқан басына алып келместен бұрын асханада келіндер турап, жіліктерді кішкене ыдыстарға салып жібереді. Бұл – ыңғайлылық, ықшамдылық. Дей тұрғынымен, салт-дәстүрді білген және қолданған жөн.

Әдеп-ғұрып – негізінен ұлттық болмыстың айналасында және діни талаптар негізінде қалыптасқан ұстанымдар. Кейбір әдеп-ғұрыптың шығу нұсқасы ұмытылған соң, ырымға, тыйымға өтіп кетіп отырады. Мәселен, босағаға тұз ілу. Бұл үйді жаман нәрседен қорғайды деген ырыммен ілінеді. Негізінде ол біздің ата-бабамыздың жоғарғы мәдениетінің бір көрінесі еді. Кейін оның негізін ұмытқан соң ырымға айналып кетті.

Қандайда бір түсініксіз ырым, салт пен дәстүрдің түбі өзге нәрсені меңзеп тұруы мүмкін. Себебі, өзінің түбірін жоғалтқан соң, ол тыйымға, тыйымнан ырымға көшіп кетіп отырған. Мәселен, "жағыңды таянба, ішегіңді тартпа, табаныңды керме, киімді желбегі жамылма, аяғыңды жоғарыға көтерме" деген тыйымдардың артында әдеп-ғұрып та, діни шарттар мен табиғи қағидаттар да жатыр. Сонымен қатар, өңін өзгерткен әдеп-ғұрыптар, діни шарттар ырым мен тыйымға өткен кезде міндетті түрде соған қатысты бір аңыздар, ертегілер тіпті жалған хиссаларды дүниеге әкеледі. Ол ел ішіне кеңінен тарағаннан кейін наным-сенімге орнығады.

Біздегі ырымдардың дені әу баста жақсылыққа ниет еткенімен, келе-келе өңін өзгертіп, бір нәрсеге сенуге, тіпті осы нәрседен жәрдем сұрауға дейін адастырып алып барып отыр. Біз осы екеуінің ара-жігін ажыратып алуымыз керек, – дейді ол.

Этнографтың сөзінше, қазіргі жасап жүрген амал-әрекеттеріміз – дінімізден алыстатар тылсым күштердің ықпалы емес, керісінше, оны ұлықтаған, табиғатты аялаған ғұрыптар.

– Сол ырымды не тыйымды жасап жатқанда "Пайғамбарымыз (с.ғ.с) осылай еткен соң біз де солай етеміз немесе табиғатты аялау, қорғау үшін бұдан тыйыламыз" деген негізін білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар, бұл ырым біздің жоғары деңгейдегі әдебіміз деп орындау керек. Ол үшін барлық болмыстың түп-тамырын анықтайтын ғылым керек, – деп сөзін түйіндеді журналист.

Қорыта айтқанда, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып – қазақ халқының бірегей болмысы. Олар ешкімді еш уақытта жамандыққа бастамайды. Қазақ болмысының өзегі – ізгілік. Осыны ұмытпаған жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу