Салық берешегі 5,8 млн теңгеден аспайтын кәсіпкерлер төлем мерзімін кепілсіз өзгерте алады

157

Жаңа салық кодексінде салық міндеттемесін орындаудың мерзімін өзгертуге байланысты да өзгерістер бар. 

Салық берешегі 5,8 млн теңгеден аспайтын кәсіпкерлер төлем мерзімін кепілсіз өзгерте алады Фото: gov.kz

Мемлекеттік кірістер комитеті Берешекпен жұмыс басқармасы басшысының орынбасары Арайлым Есқалиева 2026 жылы күшіне енетін жаңа кодекс салық міндеттемесін орындау мерзімін шегеру тәртібі қалай өзгеретінін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жаңа салық кодексінде салық міндеттемесін орындаудың мерзімін өзгертуге байланысты да өзгерістер бар. Салық міндеттемесінің көлемі 1,5 мың айлық есептік көрсеткішке (5,8 млн теңге) жетпейтін салық төлеушілерге міндеттеме мерзімін кепілсіз өзгертуге рұқсат беріледі. Басқаша айтсақ, салық берешегі 5,7 млн теңгеге жетпейтін салық төлеушілер төлем мерзімін кепіл қоймай-ақ өзгерте алады", – деді ол.

Қазір қолданыстағы кодекс бойынша салық міндеттемесін орындау мерзімін өзгертуге рұқсат алу үшін міндетті түрде мүлік түрінде, банк шарты түрінде кепілдік қою керек.

"Кепілсіз өзгерту құқығына ие болғысы келетін салық төлеушінің мойнында бұдан басқа мерзімі өзгертілген және толық төленіп бітпеген салық берешегі болмау керек. Салық төлеушіге салық органдарынан төленбеген салық туралы міндетті хабарлама жіберілмеген болу қажет. Салық төлеушінің кәсіпкерлік қызметі тоқтатылмаған болуы шарт. Қазіргі кодекс бойынша салық төлеуші кейінгі 3 жыл ішінде төлем мерзімін өзгертуге рұқсат алып, төлем кестесін бұзғаны үшін ол рұқсаттан айырылған болса, жаңа кодексте бұл мерзім екі жыл деп белгіленіп отыр. 2026 жылдан бастап мұндай өтінішті қарау мерзімі 20 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне қысқартылды", – деді маман.

Айта кету керек, Қазақстан заңнамасында уақытша қаржылай қиындыққа тап болған салық төлеушілерге салық берешегін кейінге қалдыру, төлеу мерзімін кейінге шегеру мүмкіндігі қарастырылған. Арайлым Есқалиеваның айтуына қарағанда, оның екі мерзімі бар. Біріншісі – берешекті 6 айға дейін шегеріп, бір жолда төлеу мүмкіндігі. Екіншісі – ай сайын немесе 3 ай сайын 3 жылға дейінгі мерзім ішінде бөліп төлеу мүмкіндігі.

"Салық берешегінен бөлек жер телімін пайдаланғаны үшін, жер бетіндегі су көздерін пайдаланғаны үшін және қоршаған ортаға кері әсер тигізгені үшін алынатын төлемдердің мерзімін де өзгертуге болады. Ал төлем көздерінен ұсталатын жеке табыс салығы, акциздер, Еуразиялық экономикалық одақ аумағынан импортталатын қосылған құн салығы, бонустар мен Ұлттық қорға төленетін салық түрлерінің мерзімін өзгеруге рұқсат жоқ", – дейді ол.

Салық төлеушілер мұндай өтінішті халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе салық органдарына барып, салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы онлайн режимде бере алады.

Комитет өкілі өтініш иесі кепіл ретінде энергиямен, жылумен, сумен жабдықтайтын нысандарды, тәркіленген мүліктерді, жалғыз баспананы, тез бүлінетін шикізат пен азық-түлікті қоя алмайтынын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу