Салық кодексіне түзетулер тобы Жобалық кеңсенің 12-ші отырысында қаралды

117

Жобалық кеңсенің ақпандағы отырысында қаржы секторында жаңа Салық нормасын қолдануға байланысты 38 мәселе қаралған болатын.   

Салық кодексіне түзетулер тобы Жобалық кеңсенің 12-ші отырысында қаралды Фото: primeminister.kz

Үкімет жанындағы Жобалық кеңсенің отырысында Салық кодексіне кезекті түзетулер тобы, оның ішінде қаржы секторына қатысты мәселелер қаралды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Мемлекеттік бюджет кірістері мен салықтық әкімшілендіруге әсерін тексеру үшін оның 7-еуі тағы да пысықтауға жіберілді. Талқылаудың қорытындысында үш мәселе түпкілікті шешім қабылдау үшін осы отырысқа шығарылды.

Бірінші мәселе 17-ші қаржылық есептіліктің халықаралық стандартына (ҚЕХС) көшуге байланысты сақтандыру компаниялары үшін корпоративтік табыс салығы бойынша салық жүктемесінің өсуіне қатысты.

Жаңа талапқа сәйкес, сақтандыру ұйымдары 2026 жылғы салық кезеңінде 4-ҚЕХС-тен 17-ҚЕХС-ке көшу кезінде пайда болған айырманы кірісте (немесе шегерімде) көрсетуге міндетті. Бұл айырмашылық біржолғы сипатқа ие және 2026 жылғы қызмет нәтижесін емес, бұрынғы кезеңдердегі (2023-2025 жылдар) жинақталған қаржылық әсерді көрсетеді.

Оның салық базасына қосылуы копоративті табыс салығы (КТС) сомасының айтарлықтай өсуіне әкеледі. Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) 2026-2028 жылдар аралығында салықты тең үлеспен төлеу мүмкіндігін қарастыру ұсынысын қолдады.

Бұл шара сақтандыру секторының салық салудың жаңа ережесіне біртіндеп көшуіне арналған. Бұл ретте аванстық төлемді есептеу кезінде біржолғы әсердің кейінгі кезеңдерге әсері алынып тасталады.

Екінші мәселе, Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы бастамашылық еткендей факторингтік операцияларды қосылған құн салығынан босатуға қатысты.

Салық кодексінің алдыңғы редакциясында факторингтік және форфейтингтік операциялар, сондай-ақ банктік кепілдіктер мен кепілдемелер халықаралық тәжірибеге сәйкес қосылған құн салығынан (ҚҚС) тікелей босатылды. Қолданыстағы кодексте факторинг қарызға жатқызылмайды. Оған кредитте қарастырылатын босату қолданылмайды.

Нәтижесінде факторингтік операцияларға ҚҚС салынып, бұл клиенттер үшін қаржыландыру құнын 16%-ға арттырады. Яғни, құралдың тартымдылығы төмендейді. ҚНРДА мәліметі бойынша, екінші деңгейдегі 23 банктің тек 4-еуі ғана факторингтік операцияларды жүзеге асырады.

Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов агенттік факторингті бизнесті қаржыландыру құралы ретінде дамытуды мақұлдап, бұл операцияларды ҚҚС-тан босатуды ұсынатынын мәлімдеді.

Үшінші мәселе резидент еместердің бағалы қағаз операцияларынан түскен табыстарына салық салуға қатысты.

Қолданыстағы нормаға сәйкес, салық салудан босату Қазақстан қор биржасында бағалы қағаздарды сату кезінде резидент емес жеке тұлғалардың табыстарына қолданылады. Бұрын осындай жеңілдік заңды тұлғаларға да қатысты болған.

Инвесторлардың барлық санаты үшін салық салудың тең шарттарын қалпына келтіру ұсынылады. Бұл нарыққа қатысушылар шеңберін арттыруға және сауда-саттықтың өтімділігін арттыруға ықпал етеді.

Отырыс қорытындысында бұл ұсыныстар қолдау тапты.

Сондай-ақ көрсетілген қызметтер туралы мәлімет ұсынуды реттейтін Салық кодексінің 56-бабының 6-тармағындағы техникалық сипаттағы түзетулер қаралды.

Қолданыстағы нормаға сәйкес сумен жабдықтау, су бұру, кәріз, газ және электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, лифтілерге қызмет көрсету және тасымалдау қызметтерін көрсететін ұйымдар салық органдарына осындай қызметтер туралы мәліметтерді есепті тоқсаннан кейінгі айдың 10-ынан кешіктірмей, электрондық нысанда ұсынуға міндетті. Норма осы салада жұмыс істесе де, жеке кәсіпкерлерге қолданылмайды.

Талқылау қорытындысында бұл талапты бизнес субъектілерін тең қамти отырып, жеке кәсіпкерлерді (ЖК) қосқанда, барлық салық төлеушілерге қолдану туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, міндетті мәліметтер тізбесінен бірқатар коммуналдық қызметтер (сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау, қалдықтарды шығару, лифтілерге қызмет көрсету) туралы деректер алынып тасталды. Өйткені бұл Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінде қамтылған.

Мерзімі де қайта қаралды: 10-ының орнына соңғы мерзім белгіленді, ол – есепті тоқсаннан кейінгі айдың ақырғы күні. Бұл бастапқы құжаттар негізінде деректерді қалыптастыруға және олардың дұрыстығын арттыруға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу