Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов пәтерін жалға беріп, табысын жасырып жүрген азаматтарды анықтау үшін жаңа тәсіл қолданылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, салық органдары мүлік иелері бірлестіктерімен және учаскелік полициямен бірлесе отырып, мұндай жағдайларды бақылауда ұстамақ.
"Мысалы, азаматтың 10 пәтері бар делік. Оның біреуінде өзі тұрады, қалғандарын жалға беруі мүмкін. Біз ай сайын банк қосымшалары мен өзге де көздер арқылы ақша қозғалысын бақылаймыз. Егер жүйелі түрде төлемдер түсіп отырса, пәтер иесіне сұрау салынады", – деді вице-министр Мәжіліс кулуарында.
Біржановтың айтуынша, тұрғындарды көлеңкелі жалдау нарығынан шығару үшін оңайлатылған салық режимдері енгізіліп жатыр.
"Қазір салық төлеушілер ресми тіркелмей-ақ, жылына бір рет декларация тапсырып, заңды түрде жұмыс істей алады", – деді ол.