Салық рекорды

380

Жалпы бюджет кірісі 16 триллион теңге болған. Өсім - 3,1 триллион.

Салық рекорды Фото: inbusiness.kz

Қазақстан былтыр жылдағыдан өте көп салық жинаған. 2021 жылмен салыстырғанда 3 триллион теңгеге жуық өскен. 2022 жылдың бюджеті бойынша Сенат депутаттарының алдында есеп берген Қаржы министрі осылай деді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, былтыр жалпы бюджет кірісі 16 триллион теңге болған. Өсім - 3,1 триллион. Есесіне шығын да артып отыр. 18,5 триллион теңге. Яғни бюджет тапшылығы әлі де азаймады. Бұл есепті тыңдаған сенаторлар қосымша нақтылайтын сұрақтар қойып жатты. Арасында шалғай ауылдардағы ұялы байланыс пен интернет сапасы туралы білгісі келгендер де болды.

Ұялы байланыс пен интернетсіз отырған неше ауыл бар?

"Осы мәселелерді шешуге сіздердің тиісті министрліктеріңіз қанша қаражат қарап отыр? Бюджеттен. Екіншіден, сіздер өздеріңіз соңғы рет қандай шалғай елдімекенде болдыңыз? Болмасаңыздар, біз сіздерді сол жаққа апарайық. Мүмкін өздеріңіз көрерсіздер", - деп сұрады ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских.

Қазіргі таңда 1,5 мың елдімекенде әлі күнге интернет жоқ. Былтыр 241 ауылға ғаламтор тартылыпты. Алдағы уақытта сапаны арттыру бойынша да нақты жоспар бар.  

"Қазір ұлттық жоба жасалып жатыр "қолжетімді интернет" деген. Соның аясында 3 мың ауылда оптикалық интернет болады. Қандай бюджет екені әлі қаралып жатыр", - деп жауап берді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин.

"Осы Сенаттың ғимаратында да бірнеше күн болды, ұялы телефондар істемей тұр. Мәселе көтеріліп жатыр шын мәнінде", - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сұлтанбек Макежанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу