Салыққа қарыз 100 жеке тұлғаның тізімі жарияланды

1685

Мемлекеттік кірістер органдары салық бойынша берешегі бар азаматтар тізімін жариялау үрдісін алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр.

Салыққа қарыз 100 жеке тұлғаның тізімі жарияланды

Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеуден жалтарған 100 жеке тұлғаның тізімін жариялады. Бұл азаматтардың мемлекет алдындағы жалпы борышы  286 019 395 теңгені құрап отыр. Оның 175 354 401 теңгесі – негізгі борыш, ал қалған 110 664 995 теңге – өсімпұл.

"Салық бойынша ең көп берешегі бар азамат Қарағанды облысында тұрады. Асқар Нәбиевтің жер салығы бойынша негізгі борыш сомасы 37 163 849 теңге, есептелген өсімпұлы - 28 192 533 теңге. Жалпы қарызы 65 356 383 теңгені құрап отыр",– деп хабарлайды мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Елде салығы бойынша өсімпұл сомасы негізгі борыш сомасынан асып кеткен азаматтар да бар екен. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Талғатбек Ильясовтың жер салығы бойынша жалпы берешек сомасы  19 050 875 теңге болса, оның ішінде негізгі борышы – 8 685 027 теңге, ал өсімпұлы 10 365 848 теңгеге жеткен.

Көлік салығы бойынша борышкерлер тізімін тағы да Қарағанды облысы бастап отыр. Фадис Мустакимов бұл салық түрі бойынша жалпы 6 081 323 теңге қарыз жинаған. Оның төлеуге тиіс негізгі сомасы – 4 059 318 теңге, есептелген өсімпұлы – 2 022 005 теңге.

Кейбір қазақстандықтың мүлік салығы бойынша да қарызы бар. Мысалы, Жамбыл облысының тұрғыны Ерлан Токсанбаевтың жалпы берешек сомасы 576 191 теңге, оның ішінде негізгі борыш сомасы – 335 811 теңге, өсімпұл – 240 380 теңге.

Айта кетейік, мемлекеттік кірістер органдары салық бойынша берешегі бар азаматтар тізімін жариялау үрдісін алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр.

Айта кетсек, қазіргі уақытта Қазақстанда салықтық рақымшылық жүруде: биылғы жылдың 31 желтоқсанына дейін (қоса алғанда) негізгі борыш сомасын төлеген азаматтардың өсімпұлы есептен шығарылатын болады.

Салық төлеушілер борыштарының бар-жоғын мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында мына сілтеме бойынша kgd.gov.kz тексере алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу