Елімізде қарашадан бастап салық берешегі бар компаниялардың басшысын немесе заңды мекенжайын ауыстыруға шектеу енгізілмек. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің Берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, жаңа талап салық қарызы 45 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 194 625 теңгеден асқан және берешегін 4 айдан астам уақыт өтемеген кәсіпорындарға қатысты.
Мұндай өзгеріс кейбір компаниялардың салық төлеуден жалтару әрекеттеріне байланысты қабылданған.
– Кейбір кәсіпорындар қарызын өтей алмаған кезде басшысын басқа адамға ауыстырып жібереді. Кейде ол адамның тұрақты мекенжайы болмайды немесе бас бостандығынан айыру орнында отырған адам болып шығады. Мұндай әрекеттер берешекті өндіріп алуға кедергі келтіреді, – деді Қайсар Арын.
Басқарма басшысының түсіндіруінше, осындай жағдайлардың алдын алу үшін заңды тұлғаларды тіркеу және қайта тіркеу тәртібіне өзгерістер енгізілген.
Енді салық берешегі белгіленген мөлшерден асып, 4 айдан астам уақыт өтелмесе, компания басшысын немесе заңды мекенжайын өзгертуге шектеу қойылады.