Салықтық рақымшылықты қанша адам пайдаланып үлгерді

863

Болжам бойынша биыл салықтық рақымшылықты шамамен 1,2 млн азамат пайдаланады, яғни бюджетке 12,7 млрд теңге төленіп, 4,3 млрд теңге өсімпұл есептен шығарылады.

Салықтық рақымшылықты қанша адам пайдаланып үлгерді

Биылғы жылғы 7 қыркүйектегі жағдай бойынша салықтық рақымшылық мүмкіндіктерін 31 338 азамат пайдаланып үлгерген. Олар 295,3 млн теңге салық төлеп, 64,1 млн өсімпұл есептен шығарылды. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ең белсенді өңір рейтингінде Нұр-Сұлтан қаласы көш бастап тұр. Салықтық рақымшылықты 10 мыңнан аса елордалық пайдаланып үлгерген.

Ал төленген берешек сомасы бойынша Алматы қаласы бірінші орында. Оңтүстік мегаполис тұрғындары 75,6 млн теңге салық төледі. Бұл көрсеткіш бойынша алғашқы үштікте Түркістан (35,1 млн) және Алматы облысы (34,2 млн) бар.

Есептен шығарылған өсімпұл көрсеткішінде Алматы қаласы алда. Қала бойынша  бұл сома 18,4 млн теңгеге жеткен. Жойылған өсіпұл көлемі жағынан Нұр-Сұлтан қаласы екінші орында – 17,7 млн теңге. Ал Маңғыстау облысында 4,5 млн теңге өсімпұл есептен шығарылған.

Сонымен қатар, Қостанай облысының тұрғыны көлік салығы бойынша 1,4 млн.теңге көлемінде негізгі берешек сомасын өтеп, 1,07 млн.теңге көлеміндегі өсімпұл есептен шығарылды.

Мүлік салығы бойынша жинақталған 1,2 млн теңге берешекті Алматы қ.тұрғыны өтеген. Есептен шығарылған өсімпұл – 429 мың теңге.

Ақтөбе облысында жер салығы бойынша берешегі бар азамат 51 мың теңге салық төлеп, 43 мың теңге өсімпұлдан босатылды.

Айта кетейік, салықтық рақымшылық 2020 жылғы 31 желтоқсанынан дейін жалғасады.

Өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Борыштың негізгі сомасын төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады.

Болжам бойынша, 2020 жылы салық рақымшылықты шамамен 1,2 млн азамат пайдаланады, яғни бюджетке 12,7 млрд теңге төленеді, есептен шығарылатын өсімпұл сомасы 4,3 млрд теңгені құрайды.

Салықтық берешегінің бар-жоғы екендігі туралы мәліметті ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы kgd.gov.kz сілтемесі арқылы немесе "eSalyq mobile" (AppStore,  PlayMarket) мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу