Салықтық жеңілдіктер мен преференцияларды қолдану тиімділігіне мониторинг жүргізілмейді

586

Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата мүшесі Ардақ Теңгебаев айтты.  

Салықтық жеңілдіктер мен преференцияларды қолдану тиімділігіне мониторинг жүргізілмейді Фото: pixabay.com

Сенатта Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары "Салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру және олардың тиімділігін арттыру" тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысын өткізді.

Ардақ Теңгебаев Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік органдардың қызметіне жүргізген тексеру қорытындыларына тоқталды.

"Өткен жылдың соңында Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік органдардың салықтық жеңілдіктер және оларды салықтық әкімшілендіру бөлігінде салық саясатын қалыптастырудағы қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді. Аудит жүргізу кезінде салықтық жеңілдіктерге қатысты маңызды проблемалардың бар екені анықталды. Атап айтқанда, заңнамада оларды анықтайтын айқын критерийлер жоқ", - деді ол Сенатта өткен дөңгелек үстел отырысында.

Спикердің сөзінше, салдарынан салықтық жеңілдіктердің нақты тізбесін атау мүмкін емес.

"Салықтық жеңілдіктерді идентификациялау мәселесінде нақтылықтың жоқтығын ескерсек, оларды қолданудан пайда болған бюджет шығынының көлемі қанша екені іс жүзінде белгісіз. Тіпті екі мемлекеттік органның, атап өтсек, салық саясатына жауапты Ұлттық экономика министрлігі мен салықтық жеңілдіктерді қолдануды жүзеге асыратын Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің арасында салықтық жеңілдіктердің келтірілген шығындар сомасында айырмашылықтар бар.

Мәселен, ҰЭМ мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына 2018-2020 жылдары арасында пайда болған шығын көлемін 13 трлн теңге деп енгізген. Ал, Мемлекеттік кірістер комитетінің аудитке берген мәліметі бойынша бұл шығын 17,5 трлн теңгені құрайды", - деді Жоғары аудиторлық палата мүшесі.

Сонда 4,5 трлн теңге айырмашылық болып тұр, деп атап өтті ол.

Бұдан бөлек  Жоғары аудиторлық палата салық заңнамасының ережелеріне баға беріп, салықтық жеңілдіктердің тізбесін де жасаған. Нәтижесінде 64 салықтық жеңілдікті ҰЭМ де, Мемлекеттік кірістер комитеті де бағаламайтыны белгілі болды.

"Біздің есептеуімізше, салықтық жеңілдіктерден болған бюджет шығындары осы кезең ішінде 21 трлн теңгеден асып түсті. Аудит қорытындысы бойынша үкіметке ең алдымен қолданыстағы салықтық жеңілдіктерге түгендеу жүргізу, одан кейін әрбір салықтық жеңілдіктерді паспорттау тәжірибесін енгізу ұсынылды", - деді Ардақ Теңгебаев.

Сондай-ақ, аудит барысында салықтық жеңілдіктер заңнамасын жүргізуде жүйелі тәсілдің жоқтығы да анықталып отыр.

"Нәтижесінде көптеген жеңілдіктер белгісіз мерзімге, сондай-ақ қандай да бір нысаналы индикаторларды көрсетпей енгізіледі. Тиісінше, салықтық жеңілдіктер мен преференцияларды қолдану тиімділігіне мониторинг жүргізілмейді. Бірнеше жылдан бері заңнамада бірде-бір рет қолданылмаған салықтық жеңілдік те бар. Тұтастай алғанда, осындай жүйесіздік елде салықтық жеңілдіктерді пайдаланатын субъектілер туралы нақты мәліметтердің жоқтығына әкелді. Салықтық жеңілдіктер берудің үстіртін саясаты оларды басқаруға да кері әсерін тигізді", - деді спикер.

Ардақ Теңгебаевтың сөзінше, Жоғары аудит палатасы жүргізген аудит нәтижелері бойынша құзырлы органдарға тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу