6 қараша күні түнде Ақтөбе облысындағы Самара – Шымкент тасжолында техникалық ақауға байланысты автобус тоқтап, 15 жолаушы эвакуацияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға сағат 01:11 шамасында республикалық маңызы бар жолдың 1214-шақырымында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері жол жиегінде тоқтап тұрған автобусты байқап, тексеру жүргізген.
Автобустың Тәжікстаннан Ресейге бағыт алғаны анықталды. Көлік ішінде екі жүргізуші мен 15 жолаушы болған. Олардың алтауы – әйел, төртеуі – бала, бесеуі – ер адам.
Патрульдік полиция қызметкерлері Ырғыз ауданының төтенше жағдайлар қызметімен бірлесіп, жолаушыларды қауіпсіз жерге жеткізді. Олар Ырғыз ауылының маңындағы мешітке орналастырылды.
Жолаушылар медициналық көмекке мұқтаж емес. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.