Самат Нұртаза: Жағдайы жақсы адамдардың әлеуметтік төлем алуы әділеттілікке күмән тудырады

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында бірнеше маңызды тақырыпты көтерді.

Самат Нұртаза: Жағдайы жақсы адамдардың әлеуметтік төлем алуы әділеттілікке күмән тудырады Фото: uralskweek.kz

Саясаттанушы Самат Нұртазаның сөзінше, сол көп ақпараттың арасындағы жүрекке жақыны төлемақы тақырыбы болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Жолдауда "масылдық" мәселесі де сөз болды. Президенттің айтуынша, мемлекеттік қолдау шынымен мұқтаж азаматтарға бағытталуға тиіс. Өйткені, көмекке зәру отбасылар қолдау күтіп отырғанда, жағдайы жақсы адамдардың да әлеуметтік төлем алуы әділеттілікке күмән тудырады. Меніңше, мұнда басты мақсат көмекті қысқарту емес, оны шын мұқтаж жандарға жеткізу болуы керек. Әсіресе, "әлеуметтік көмек ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға көбірек бөлінсе ғой" деп ойлайсың, – дейді ол. 

Десе де, экс-депутат бұл мәселеде асығыстыққа жол беруге болмайтынын айтады. 

– Әлеуметтік төлемдерді қайта қарау кезінде әр отбасының жағдайын мұқият зерттеп, ақпараттық жүйелердің дұрыс жұмыс істейтініне көз жеткізу қажет. 

Мысалы, кейбір алаяқтар өтірік ажырасып, "жалғызбасты ана" ретінде ақы талап етуі де ықтимал. Кімнің шынайы ажырасып қиналғанын, кімнің мемлекеттің қалтасына қол сұққысы келгенін құзырлы органдар анықтау керек. 

Президентіміздің сөзін қайталасақ: "Бұл күрделі мәселені "өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай", байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды". Яғни, барлығын жіті зерттеп, мұқият сараптап, шешім шығарған абзал, – деп сөзін қорытындылады Самат Нұртаза. 

Жаза кеткен жөн, Президент Жолдауда мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуі тиіс екенін айтты. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы "Қаражатты тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жарату керек" деп те мәлімдеген еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу