Кездесуде Қазақстан аумағында жаңа мұнай өңдеу және мұнай-химия кешенін салуға бағытталған стратегиялық жобаны жүзеге асыру мүмкіндіктері қаралды. Тараптар жобаның қазіргі дайындық кезеңін, болашақ өндірістің технологиялық құрылымын, мұнай-химия саласын дамыту бағыттарын және жеке инвестиция тарту мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ заманауи инженерлік технологиялар мен озық шешімдерді қолдануға ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапынан жобаның әзірлену барысы мен алдағы кезеңдері таныстырылды.
Қазіргі уақытта кешеннің алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Бұл ретте шикізат қоры, қажетті инфрақұрылым және өндірістік мүмкіндіктер ескеріліп, кешенді орналастырудың бірнеше нұсқасы қарастырылуда.
Samsung E&A өкілдері жобаға қызығушылық танытып, оны егжей-тегжейлі зерделеуге және кейінгі іске асыру кезеңдеріне қатысу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Энергетика министрлігі жобаны жүзеге асыруға халықаралық инжинирингтік компанияларды, технологиялық серіктестер мен әлеуетті инвесторларды тарту жұмыстарын жалғастырады. Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты жалғастырып, жобаны іске асырудың перспективаларын бірлесіп пысықтауға келісті.