"Самұрық-Қазына": 6 айда дебиторлық қарыз 60 млрд теңгеге азайды

857

Ұлттық әл-ауқат қоры еурооблигацияларын қайта сатып алып жатыр.

"Самұрық-Қазына": 6 айда дебиторлық қарыз 60 млрд теңгеге азайды

"Самұрық-Қазына" компаниялар тобы екі ірі еурооблигацияны қайта сатып алған. Осының арқасында валюта бағамының тәуекелдері мен дебиторлық қарыздың қысымы біршама азайған көрінеді. Қордың экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директор Ернар Жанәділ БАҚ өкілдеріне осындай мәлімет айтты.

"Карантин кезінде топтың дебиторлық қарызына үлкен көңіл бөлінді. 6 айда дебиторлық қарыз көлемі 60 млрд теңгеге азайып, 661 млрд теңгені құрады.  Ал  мерзімі өткен дебиторлық қарыз 3,3 млрд теңгеге кеміді. Маусым айына дейін  карантин шектеулерінің кесірінен қарыздың бұл түрі өсіп келген болатын. Алғашқы 6 айда макроэономикалық көрсеткіштердің нашарлағанына қарамастан,  қордың жалпы қарызы көп өскен жоқ. Бар болғаны 3,9 пайыз ғана. Ал ЖІӨ-нің сыртқы қарызы жыл басындағыдан азайды. Жалпы қарыздың артуына теңге бағамының бәсеңдеуі әсер етті. Алайда қарыз портфелін теңгерімді жоспарлағанымыздың арқасында валюта бағамының құбылуынан келетін жағымсыз әсерлер көрсеткішке айтарлықтай әсер ете алған жоқ. Сыртқы қарыздарды уақытында қысқартқанымыздың арқасында валюталық шығындарды болдырмағанымызды айта кету керек. 2018-2019 жылдары 8 млрд доллардай қарызды алдын ала жапқанымыздың пайдасы осылай тиді. Ал шілденің басында "ҚТЖ" 277 млн доллардың евурооблигациясын 6,95 пайыздық купонымен қосып, 2042 жылға дейін қайтару мерзімімен қайта өзіне сатып алды. Оған қаржыны Ресей рублімен алды. Осы арқылы  доллар бағамының тәуекелін әлсіретті. Ал мамыр айында "ҚазТрансГаз" өзінің резервінен 43,7 млн доллардың еурооблигациясын 2027 жылға дейін қайтару мерзімімен қайта сатып алу транзакциясын жасады.  Транзакиця кезінде бұл облигациялардың бағасы 90 доллар көлемінде болса, қазір 108 доллар. Осыған қарап келісімшарт дер кезінде жасалды деуге болады. Бұл шаралардың  бәрі дағдарыс пен сыртқы факторлардың жағымсыз әсерін азайтады", – деді Ернар Жанәділ. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу