Сот Санжар Боқаевты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомство Боқаев ісіне қатысты тергеу екі бап бойынша жүріп жатқанын растады. Олар – ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, яғни "Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық". Мұнан өзге ҚР ҚК-нің 340-бабы 3-бөлігі 1-тармағы ("Адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау") бойынша да айып тағылған.
– 2026 жылғы 19 наурызда Алматы қаласы тергеу сотының қаулысымен С.Боқаевқа қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды, – деп жазылған Бас прокуратура таратқан ақпаратта.
Тергеу деректеріне сай, Санжар Боқаев аталған қылмыстарды ұйымдастырып, қаржыландырған. Ол үшін табысы төмен адамдарды тартып, оларға ақшалай сыйақы беру арқылы ағаш кесу мен ұрлық жасауға тапсырма берген деген де күдік бар.
Сонымен қатар, "аса ірі мөлшерде қаржы қаражатын алаяқтық жолмен жымқырды" деген күдік те одан айналып өтпей тұр.