"Сап-сау адамдардың өздерінде үшінші топ мүгедектігі бар"

857

Өмірде сан қилы тағдыр бар. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін тіршілікте әр адамның "әттегең-ай" дейтін сәттері тағы бар. Жақында редакциямызға Ләззат Жакишева деген оқырманнан хат келді. Ол өзінің мұң-мұқтажымен бөлісіп, өзін мазалап жүрген мәселені жариялауды сұрады.

"Сап-сау адамдардың өздерінде үшінші топ мүгедектігі бар"

Жұбайы Сайфулла Жамалхановты 2016 жылдың жаз айында ит талаған. Салдарынан сол қолындағы сіңірге зақым келіп, жұмыс істеуге жарамсыз болып қалыпты. Оған үшінші топ мүгедегі деген санат берілген. Күйеуіне ай сайын 45 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек беріледі.

"Бірақ бұл ақша тек жалдамалы пәтердің ақшасын төлеуге ғана жетеді", – дейді Ләззат.

"Сол ақшаны пәтерге төлейміз. 45 мың пенсиясы да өзімізге бұйырмайды. Мына көшеде, базарда жүргенде қарап қоямын. Сап-сау адамдардың өздерінде үшінші топ мүгедектігі бар. Мен соған қатты қапаланамын. Не үйге кезекке тұра алмаймыз. Соны алға тартып, жыл сайын екінші топ мүгедектігін сұраймыз", – дейді Алматы қаласының тұрғыны.

Денсаулығына байланысты Ләзаттың да тұрақты жұмысы жоқ. Базарға барып, ашутас, пакет сатып күнелтеді екен. Табатыным 2-3 мың теңгеден әрі аспайды деп налиды әйел. Күйеуі денсаулығына байланысты жұмыс істемейді.

"2010 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданынан Алматыға келдік. Үш баламыз бар. Үлкеніміз үйленген, оның екі баласы бар. Олар бөлек тұрады. Бізде аядай ғана бір бөлме. Екі отбасы тұратын жағдай жоқ. Одан кейін 24 жасар қызымыз бар, ол да жеке тұрады. Бір бөлмеде 7 сыныпта оқитын қызым, күйеуім үшеуіміз тұрамыз", – деді Ләззат.

Ләззаттың құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырғанына да біраз болған. Олардан күйеуіне екінші топ мүгедектігіне өтуге көрсетімдер жоқ деген қысқа ғана жауап алады. Анығын білу мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүгіндік. Мемлекеттік органнан 2 беттен тұратын жауап алдық. Қысқаша үзіндісі келесідей.

"С.О. Жамалхановта организм функцияларының тұрақты айқын бұзылуларының болмауына байланысты мүгедектіктің екінші тобын белгілеуге көрсетілімдер жоқ. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қазіргі уақытта мүгедектіктің үшінші тобы бар адамдарға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлер берілмейді", – деп көрсетілген ресми жауапта.

Бұдан бөлек мемлекеттік орган мүгедектікті белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №44 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларымен реттелетіндігін атап көрсеткен. Өз кезегінде Медициналық-әлеуметтік сараптама медициналық ұйымдардың дәрігерлік консультациялық комиссияның қорытындысы негізінде жүргізіледі.

Ләззат Жакишеваға хабарласқанымызда ол бұл жауаппен келіспейтіндігін айтты.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу