Алматы нарығын сапасыз тауардан тазалау басталады

682

Өзгеріс 1 шілдеден бастап енгізілмек.  

Алматы нарығын сапасыз тауардан тазалау басталады

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Техникалық реттеу және метрология комитетінің департамент басшысы Сауықбек Қапаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz

Еске салсақ, 2020 жылдың 30 желтоқсанында "Техникалық реттеу туралы"  Заңның жаңа редакциясы қабылданған еді. Енді ол 1 шілдеден бастап қолданылмақ.

Бұл ретте Сауықбек Қапаев субъектілерді бақылаудан объектілерді бақылауға көшу жаңашылдық болатынын атап өтті. Осылайша, өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексеріледі. Бұл үшін зертханалық сынақтар жүргізу мақсатында қауіпсіз емес өнімнің үлгілерін іріктеу рәсімі енгізіледі.

"Негізгі міндет ел нарығын қауіпті және сапасыз өнімнен қорғайтын заң қабылдау болды. Сондай-ақ, бақылау іс-шараларын жүзеге асыру кезінде оларға артық жүктеме көрсетпей, отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін енгізу", - деп түсіндірді Сауықбек Қапаев.

Техникалық реттеудің негізгі мақсаттары - өнімнің адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта, оның ішінде өсімдіктер мен жануарлар дүниесі үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты тұтынушылар жаңылыстыратын әрекеттердің алдын алу болып табылады.

Заң туралы айта отырып, Алматы қаласы Техникалық реттеу және метрология комитетінің департамент басшысы Сауықбек Қапаев 2020 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 83 тексеру жүргізілгенін хабарлады. Оның ішінде 50 жағдайда техникалық реттеу, аккредиттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы бұзу фактілері анықталды, бұл тексерулердің жалпы санының 60% - ын құрады.

Мемлекеттік бақылау қорытындысы бойынша тәртіп бұзғандарға жалпы сомасы 18 567 642 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар берілді.

"Тексеру нәтижелері бойынша 5087 сәйкестік сертификаты, 4231 сәйкестік туралы декларация, 1562 тексеру туралы сертификаттар қайтарылып алынды және қолданысы тоқтатылды, барлығы - 21254 өлшем құралдары, оның ішінде қолдануға жарамсыз-589 бірлік, сондай-ақ өлшем құралдарын 1 салыстырып тексерушінің сертификаты, 5 927 850 теңге сомасына әкімшілік айыппұл сала отырып, 6 ай мерзімге сарапшы – аудиторлардың 23 аттестаты тоқтатылды", - деді спикер.

Бұған қоса ол мемлекеттік бақылау қалай жүргізілетінін айтты. Оның сөзінше бұл жоспардан тыс тексерулер, сондай-ақ субъектіге бару арқылы профилактикалық бақылау болуы мүмкін. Бақылау және қадағалау субъектісіне бармай-ақ, профилактикалық бақылау және қадағалау ретінде тексерудің жаңа түрімен толықтырылды.

"Егер өткізілген зертханалық сынақтардың нәтижелері бойынша өнімнің техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтіні расталса және қауіпті деп танылса ғана өнім алынатын болады", - деп нақтылады спике.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу