"Сапасыз жол": Қарағандыда оқушылардың мектепке қатынауы қиындаған

606

Қарағандының орталық көшелерінің өзінде  жол сапасы нашар.

"Сапасыз жол": Қарағандыда оқушылардың мектепке қатынауы қиындаған Фото: baq.kz

Бөкетов көшесінің тұрғындары жол жөндемек болған мердігердің кесірінен ескі жолдарына жете алмай қалды.

Қарағандының орталық көшелерінің өзінде  жол сапасы нашар. Бөкетов көшесінің тұрғындары жол машақатын әбден көргендерін айтып шағым білдірді.

Тұрғындар жаяу жүргіншілер мен көлік жүретін жолдардың жарамсыз болып қалуынан балаларының мектепке барып келуі қиындағанын айтады. Бұл көшеге биыл төрт жолақты жол салмақ болып, мамыр айында жолдың ескі жабындысын алып тастаған. Үш ай бойы жол жөнделмей сол шашылған күйде қалған. Енді жұрт лай - батпақтың ортасында резеңке етікпен жүр. Жөнделеді деген жол бөлігін жаздай жауып тастаған, қазір қазылған күйде саз - балшық болып жатыр. Қыркүйекте жол жөнделмейтін болды деп бұл бөлікті ашып тастапты. Енді қазылған жолмен көліктер де жүре алмай қалған. 

“Жолдың қазылған жерлеріне көлікпен сары лай әкеліп, төгіп тегістегендей болды. Бірақ жаңбырлы күндері езіліп әбден берекеміз кетті. Бұрын бұл жолға өз қаржымызбен құм төсеп тегістеп қоятын едік. Ешқандай қиындық болмаған еді. Енді келіп әкімдік біздің грейдерді алып тастап, жаңа жол салынады деген. Қазір салған жол жоқ , бұрынғы жолымызға жете алмай қалдық”,- дейді қала тұрғыны Айжан Жақыпбек.

Бөкетов көшесінде алпыстан астам жер үйлер мен бірнеше көп қабатты тұрғын үйлер бар. Соңғы жылдары бұл көшеге жаңадан тұрғын үйлер көп салынғандықтан мұндағы жұрт энергия тапшылығында сезіне бастаған. 

“Биылғы жылы Бөкетов көшесінде автокөлік жолын салу жобасы қолға алынған болатын. Қазіргі уақытта жобаға техникалық түзетулер енгізілуіне байланысты жол салу жұмыстары тоқтатылған. Жобаны аяқтау мерзімі 2024 жылдың соңы. Қазір Бөкетов көшесіндегі жол ашылған, жолды тегістеу жұмыстары жасалды”,- деп хабарлады Қарағанды қаласының әкімдігі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу