Саясаттанушы Қайрат Айтбай әлемдегі энергетикалық дағдарыстың туындауына қандай факторлар әсер еткенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазіргі энергетикалық дағдарыстың туындауына бір-бірімен байланысты факторлар әсер етеді. Мәселен, Ресей мен Украина арасындағы соғыс, Таяу Шығыстағы шиеленістер, халықаралық санкциялар, энергия өндіруші ірі елдердің келіспеушілігі. Биыл Ормуз бұғазы арқылы өтетін сұйытылған газ бен мұнайдың тасымал бағытының дағдарысқа ұшырауы да әсерін тигізді. Халықаралық агенттіктердің мәліметінше, бұл бағытпен әлемдегі газ жеткізілімінің 20 пайызы ғана өткен. Демек, бұл стратегиялық теңіз жолындағы тұрақсыздық бүкіл әлемнің энергетикалық нарығына әсер етіп отыр деген сөз", – деді саясаттанушы.
Осы тұста "Геосаяси санкциялар мен бұғаттаулар әлемдік мұнай-газ бағасын қаншалықты қымбаттатуы мүмкін?" деген сұрақ туындайды.
"Санкциялар мен шектеулер кез келген шикізаттың, оның ішінде мұнай мен газ бағасының өсуіне тікелей әсер етеді. Себебі халықаралық нарықта белгілі бір өндіруші ел өзінің жеткізілімін қысқартса, басқа елдердің тапсырыстарының орнын толтыру үшін балама ресурстарды іздеуге мәжбүр болады. Бұл бағаға әсер етеді. Биылғы қыркүйек айында мұнайдың орташа бағасы 114-115 долларға жеткенін көрдік. АҚШ-тың энергетикалық ақпарат департаменті мұны Таяу Шығыстағы инфрақұрылымдар мен танкерлерге жасалып жатқан шабуылдармен байланыстырды. Алдағы уақытта санкциялар күшейіп болмаса теңіз жолдарымен мұнай-газ инфрақұрылымдарының жұмыстары бұзылған жағдайда, бағаның одан әрі қымбаттау қаупі бар", – деп есептейді ол.
Қайрат Айтбайдың сөзінше, энергоресурстарды тасымалдаудың дәстүрлі бағыттары бар. Ал егер дәстүрлі бағыттар жабылып қалса, бұл халықаралық логистикада жаңа бағыттарды қайта қарауға әкеледі, деп атап өтті сарапшы.
Саясаттанушы "Жасыл" энергетикаға өту жоспары жаһандық тапшылық салдарынан кейінге шегеріле ме, әлде керісінше жеделдей ме?" деген сауалға да пікір білдірді.
"Менің пікірімше, қазіргі энергетикалық дағдарыс "жасыл" энергетикаға көшу үдерісін тоқтатпайды, керісінше оның маңызын арттырып отыр. Өйткені мұнай мен газға тәуелді мемлекеттер халықаралық нарықтағы баға тұрақсыздығына, геосаяси тәуекелдерге көбірек ұшырайды ғой. Сондықтан да Күн, жел, су энергетикасы, атом электр стансасы бар елдердің энергия қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сонымен қатар электр энергиясын сақтау технологиялары да дамиды. Халықаралық энергетикалық агенттіктің есебіне сүйенетін болсақ, онда жаңартылған энергия көздерін дамытуға деген қызығушылықтың күннен күнге артып отырғаны айтылған. Әрине, "жасыл" энергетикаға көшу бірден жүзеге аспайды. Бұл қаржыландыруға технологиялық мүмкіндіктерге және мемлекеттік саясатқа байланысты кезең-кезеңмен өтеді", – деді Қайрат Айтбай.