Сарапшылар Каспий теңізі туралы жағымсыз болжам айтты

334

Үкімет тез арада қолға алмаса, Каспийдің Қазақстанға тиесілі бөлігі шөлді аймаққа айналады. Осылайша 2040 жылға қарай елдегі су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.

Сарапшылар Каспий теңізі туралы жағымсыз болжам айтты Фото: Inbusiness.kz

Мұнайлы өңірде арнайы жиын өткізген сарапшылар мен тұрғындар осылай деп дабыл қағып отыр. Олар өзекті экологиялық проблема сан мәрте көтерілгенімен, ешқандай нақты жұмыс қолға алынған жоқ деп наразы, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Каспийдегі су деңгейі соңғы 100 жылда 2 метрге төмендеген. Ал 2005 жылдан бері тағы 10 сантиметрге түсіпті. Сарапшылар бұлай жалғаса берсе, 25-30 жылда Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігінен түк қалмай, су айдыны Аралдың күйін кешеді дейді.

"Каспий теңізінің эко жүйесі жақсару үшін ең алдымен шекаралас елдермен байланысты реттеу керек. Қазір түрлі каналдар, бөгет, гидроэлектростанциялар салынып жатыр. Суды үнемдеуді қолға алу қажет. Бұл өте маңызды. Жауапты министрліктегілер белгілі бір жұмысты қолға алмақ түгілі, ауызша да жазбаша да жоспарлары жоқ. Осыған аса мән берген дұрыс", - дейді сарапшы Кирилл Осин.

Теңіз құрыса, бірінші Қазақстанның батысындағы тұрғындар зардап шегеді. Нәпақасын балық бизнесінен тауып отырғандардың да жағдайы мәз болмайды.

"Бұл Каспийдің проблемасы көп айтылады. Бірақ үкімет тарапынан ешқандай шара алынып жатқан жоқ. Егер де Каспий тартылып қалса, бұл үлкен катастрофаға әкеледі. Каспий құриды. Сосын оның жағасында отырған Атырау, Маңғыстау, Орал облыстарында жағдай мүшкіл болады. Жаңағы су тартылған соң, ол батпақ болып қалады, шаңға айналады, адамға зиян. Қатерлі ісік ауруларына дейін әкеледі", дейді қала тұрғыны Жаукен Көшенов.

"Бұл бәрімізге ортақ үлкен проблема. Мәселені тұрғындар, белсенділер, депутаттар бірлесе көтеріп, үкіметтегілер тез арада соның шешімін табу керек", - дейді белсенді Балжан Досмұхамбетова.

5 мемлекетке ортақ теңіздің тағдырын үкіметтегілер жақсы біледі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Каспийді зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құруды тапсырған еді. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі жұмысқа бірден кірісті. Қазір тиісті қаулы жобасы әзірленген, бірақ әлі қабылданған жоқ.

"Институт Каспий теңізінің экологиялық және су деңгейінің төмендеу мәселелерін, итбалықтарының популяциясын сақтау, ихтиофаунаны, акваториясы мен Каспий жағалауын зерттейтін болады. Каспий бойынша шекаралас мемлекеттердегі әріптестермен де өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз ету бағытында да жұмыс жүргізіледі", - дейді ҚР су ресурстары және ирригация министрлігі.

Атырау облысындағы Жайық өзені де жылдан жылға тартылып барады. Ғалымдар сөзінше, соның салдарынан балықтың да саны әлдеқайда азайған. Бұл да осы теңіз табанының таяздығынан. Қазір Жайық пен Қиғаш арналарына түптереңдету жүргізіліп жатыр. Ал Жайықтың Каспийге құяр сағасындағы тереңдік жарты метрге де жетпейді. Жұрт экологиялық өзекті мәселелерді жауапты министрліктегілер шұғыл қолға алса дейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу