Сарыағашты айналып өтетін 102 шақырымдық жол салынып жатыр

78

Түркістан облысында Сарыағаш қаласын айналып өтетін 102,6 шақырымдық төрт жолақты автожолдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сарыағашты айналып өтетін 102 шақырымдық жол салынып жатыр Фото: бейнежазбадан

Қазіргі уақытта жобада 4,1 млн текше метр жер жұмыстары атқарылған. Құрылысқа 594 жұмысшы мен 393 арнайы техника жұмылдырылған. 

Жоба екі учаскеге бөлінген. Бүгінде жобалау жұмыстарының 75 пайызы аяқталған.

Құрылыс алаңында 48 су өткізгіш құбыр орнатылып, 69 шақырым аумақта топырақтың құнарлы қабаты алынған.

"Құрылысқа қажетті материалдармен қамтамасыз ету үшін 25,5 мың тонна құм-қиыршықтас қоспасына, 8,5 мың тонна қиыршықтасқа және 3 мың текше метр темірбетон бұйымдарына тапсырыс берілді", – деп мәлімдеді жол компаниясы.

Қазір құрылысқа қажетті топырақ пен тас карьерлерін анықтау, оларды игеруге рұқсат алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар өндірістік базалар мен вахталық қалашықтарды орналастыру, асфальтбетон зауытын әзірлеу және ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары қолға алынған.

Жоба бойынша 8 көлік айрығы, 6 жол өтпесі, 37 көпір және 190 су өткізгіш құбыр салу жоспарланған.

Жаңа айналма жол Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы халықаралық көлік қатынасын жақсартып, транзиттік жүк тасымалын дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ елдің логистикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Автожол пайдалануға берілгеннен кейін транзиттік көліктер Сарыағаштың орталығына кірмей, қаланы айналып өте алады. Бұл қала көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтып, кептелісті төмендетуге және жол жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Ал төрт жолақты жол қозғалыс қауіпсіздігі мен көлік өткізу қабілетін арттырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу