Сатаев Абаевтан "Қазақфильмнің" бес гектар жерін қайтаруға көмек сұрайды

955

Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының президенті Ақан Сатаев Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтан бес гектар жерді киностудияның меншігіне қайтару мәселесін жеке бақылауға алуды сұрады. Бұл туралы ол Абаевтың төрағалығымен өткен мәдениет және архив салаларына арналған кеңейтілген алқа отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Сатаев Абаевтан "Қазақфильмнің" бес гектар жерін қайтаруға көмек сұрайды

"Студияға басшы болып (2020 жыл – авт.) келген алғашқы күннен бастап барлық бағытта тәртіп орнатып, қаражат жағынан өзімізді-өзіміз ақтауымыз керек екенін түсіндім. Бірақ проблемалар ауқымды, бір-екі жылда шешу мүмкін емес. Мысалы, біртүрлі жолмен қалаға өткен бес гектар жерді қайтару үшін бір жылдан бері хат жазып келеміз. Осы бес гектар жерге, Дәурен Әскербекұлы, сіздердің назарларыңызды аударғым келеді, өйткені бұл ғаламдық проблема", – деді Сатаев.

Сатаев киностудияның қазіргі материалдық-техникалық жағдайы нашар екенін атап өтті. Ғимарат салынған сәттен бастап инженерлік желілер ауыстырылмаған, сымдар мен құбырлар шіріп жатыр.

"Әкімшілік және шығармашылық мәселе ушығып тұр: ұрлық, бейкәсібилік, бюрократия, нақтылықтан алшақтық және осылардың нәтижесінде мемлекет қаражатын ысырап ету... Иә, соған қарамастан кино түсірілген, түсіріліп жатыр және түсіріле де береді, бірақ олар прокатта құлап, сөрелерде шаң басып қалып жатыр", – дейді Сатаев.

Айта кетейік, 2018 жылы Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы жер қатынастары басқармасы "Ethnoland" ұлттық-мәдени кешенін салу үшін "Қазақфильмнің" 5,5482 гектар жер учаскесін өз балансына алған.

Киностудия "әкімдік заңды бұзды" деп мәлімдеген.

2021 жылы саяси белсенді Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті "Қазақфильмнің" жерін иеленді деп айыптады. Бұған жауап ретінде Байбек "Қазақфильм" шамамен 17 гектар жерді алып жатқан мемлекеттік кәсіпорын екенін, жер әрқашан қалаға тиесілі екенін мәлімдеді. Жер учаскесінің жартысында "Қазақфильм" ғимаратының өзі, ал екінші бөлігінде түсірілім жүргізіледі. Бұрынғы әкімнің айтуынша, киностудия басшылығының өзі этноауыл салуды ұсынған, содан кейін 5,5 гектарды сегменттеу туралы шешім қабылданған. Техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, жерді Мәдениет басқармасының балансына берген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу