Сауалнама: қазақстандықтар цифрлық теңгені пайдалануға дайын

Қазақстан Ұлттық Банкі мен ҚҰБ Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы Цифрлық теңгені енгізу қажеттілігі туралы зерттеу нәтижелері бойынша қорытынды баяндамасын жария етті, деп жазады inbusiness.kz.  

Сауалнама: қазақстандықтар цифрлық теңгені пайдалануға дайын Фото: azattyq-ruhy.kz

"Жобаның нәтижесі бойынша Цифрлық теңге платформасына қойылатын негізгі бизнес талаптар орындалды. Нарық қатысушыларымен бірге платформа нақты тұтынушылармен, сауда және қызмет көрсету кәсіпорындарымен сынақтан сәтті өтті. Цифрлық теңгені енгізу Интернет желісіне қосылмай есеп айырысу мүмкіндігі есебінен қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады, инновациялық қаржылық өнімдерді құрудың жаңа мүмкіндіктерін ашады, мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттырады, сондай-ақ трансшекаралық есеп айырысудағы шығындарды азайтады", – деп хабарлады Ұлттық Банк.

Азаматтар арасында жүргізілген сауалнама тұтынушылардың цифрлық теңгені пайдалануға дайын екенін көрсетті.

Жаңа төлем құралын Digital Tenge Hub аясында барлық мүдделі тарап талқыға салды.

"Цифрлық теңгені енгізуде бойынша экономикалық зерттеу жүргізілгенде ақша-кредит саясатына, қаржылық тұрақтылыққа және тұтастай алғанда экономикаға тигізер қауіп-қатері жоқ екені белгілі болды. Қазақстанның цифрлық валютасын енгізудің реттеушілік аспектілеріне талдау жүргізілді", – деп хабарлады бас банк.

Еске сала кетсек, 2021 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы нарығының қатысушыларымен, сарапшылар қауымдастығымен және халықаралық серіктестермен тығыз ынтымақтастықта "Цифрлық теңге" пилоттық жобасын жүзеге асыруды бастады. 2022 жылы бас банк цифрлық теңгені енгізу мүмкіндігінің пайдасы мен шығындарын зерттеуді жалғастырды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу