Сауда министрі Астанадағы Stadler вагондарының өндірісімен танысты

207

Елімізде кеше Stadler компаниясының алғашқы жолаушылар вагондары Астана – Алматы бағыты бойынша жолға шықты.

Сауда министрі Астанадағы Stadler вагондарының өндірісімен танысты Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Арман Шаққалиев Астанадағы Stadler Kazakhstan зауытына барып, CHARME жолаушылар вагондарының өндірісі мен отандық базаның дамуымен танысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сапар барысында министрге кәсіпорынның өндірістік қуаттары мен технологиялық процестері таныстырылды. Жолаушылар вагондарының шанақтары экструдталған алюминий профильдерінен жасалады. Өндірісті одан әрі жергіліктендіру аясында Қазақстанда өндірілген алюминийді пайдалану көзделіп отыр. Бұл отандық шикізатты өңдеу көлемін ұлғайтып, дайын өнім құрамындағы қазақстандық материалдардың үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Астанадағы зауыт Stadler вагондарының арбашаларын шығаратын әлемдегі екінші өндірістік алаңға айналды, біріншісі – Швейцарияның Винтертур қаласында.

Өндірісті жергіліктендіру швейцариялық компанияның технологиялық құзыреттері мен өндірістік тәжірибесін Қазақстанға беру жұмыстарының бір бөлігі болып табылады. CHARME жолаушылар вагондары Қазақстанның климаттық жағдайларына арнайы бейімделіп жасалған. Олар -40-тан +45 °C-қа дейінгі температурада пайдалануға арналған.

Вагондардың өлшемдері де үлкейтілген – шанағының ені 3 метрден асса, биіктігі 4,7 метрге жетеді, ал ұзындығы 26 метрден асады. Ең жоғары жылдамдығы – 160 км/сағ, қызмет ету мерзімі – 40 жыл.

Арман Шаққалиев жолаушылар вагондарын өндіруде халықаралық стандарттарды қолданудың маңыздылығын атап өтті. Министрдің айтуынша, бұл стандарттар отандық өндірушілер үшін бағдар болуы тиіс. Олар шығарылатын өнімнің сапасын арттыруға, өндірістік процестерді жетілдіруге және халықаралық талаптарға сәйкес болуға ықпал етеді. Бұл қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, оның сыртқы нарыққа шығу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Кеше Stadler компаниясының алғашқы жолаушылар вагондары Астана – Алматы бағыты бойынша жолға шықты.

Қазіргі таңда "Жолаушылар тасымалы" АҚ 100-ден астам вагонды қабылдады. Келісімшартқа сәйкес, 2030 жылға дейін 557 жолаушылар вагонын кезең-кезеңімен жеткізу және оларға кейіннен сервистік қызмет көрсету көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу